Түркия президенті Реджеп Ердоған Стамбулдағы лаңкестік салдарынан Қазақстанға сапарын кейінге қалдырды. Бұл туралы «Анадолу агенттігі» хабарлады.
Агенттіктің ақпаратына сәйкес, Түркия президенті 11-12 желтоқсанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыртуымен Қазақстанға келмекші болған. Еске салсақ, Ыстамбұлда "Бешикташ" - "Бурсаспор" ойынынан кейін екі жарылыс орын алды.
Билік деректеріне сүйенсек, алдымен "Водафон-арена" стадионы маңында жарылғыш зат қойылған көлік жарылды, 45 секундтан кейін саябақта лаңкес жанкешті өзін жарып жіберді. Соңғы деректерге сәйкес шабуыл салдарынан 29 адам - 27 полицей, екі қарапайым адам қайтыс болды. 166 адам жарақат алды.
Лаңкестікке байланысты тоғыз адам ұсталды. 11 желтоқсанда Түркияда аза тұту күні жарияланды. Лаңкестік жағдайға байланысты Қазақстан Президенті Н. Назарбаев ТР Президенті Реджеп Тайып Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады.
inform.kz