«Қазақстан» телеарнасының аймақтағы тілшілері облыстық филиалдардың құрамына кіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» телеарнасының аймақтағы тілшілері облыстық филиалдардың құрамына кіреді

02.12.2016
«Қазақстан» телеарнасының аймақтағы тілшілері облыстық филиалдардың құрамына кіреді

2017 жылдың 1 қаңтар айынан бастап «Қазақстан» корпорациясының 13 облыстағы 14 қосынының меншікті тілшілері, жалпы 29 қызметкер облыстық филиалдардың ұжымын толықтырады. Алматы облысында «Қазақстан» РТРК» АҚ қарасты облыстық  филиалдың жоқтығынан, ондағы қызметкерлер жұмысын жалғастырады.

«Қазақстан» РТРК» АҚ басшылығының жоспарында қызметкерлерді жұмыстан қысқарту жоқ. Тілшілерді облыстық филиалдарға ауыстырудың бірден-бір себебі - жұмыстың қарқынын арттыру, берілетін материалдар санын көбейту. Бұған дейін тілшілер қосыны Астана қаласында орналасқан Ақпараттық бағдарламалар дирекциясына қарады. Дирекцияға Қазақстанның түкпір-түкпірінде орналасқан меншікті тілшілердің жұмысын күнделікті бақылау қиын.

Жоғарыда аталған мәселелерді ескере келе, меншікті тілшілер мен телеоператорларды еңбек ақысын сақтай отырып, қосындағы бар техникамен бірге облыстық телеарналардың қарамағына тапсыруға шешім қабылданды. Енді облыстық телеарнада жұмыс істейтін әр тілші республикалық «Қазақстан», «Kazsport», «Балапан» телеарналары үшін ақпарат дайындау мүмкіндігін алады. Демек, аймақтағы тілшілердің дайындаған материалдары арасында үздіктерін республика көрермендері көретін болады.

Хабарламаларға жазылу