Астанада Президенттің қатысуымен Қазақстан судьяларының VII съезі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Президенттің қатысуымен Қазақстан судьяларының VII съезі басталды

21.11.2016
Астанада Президенттің қатысуымен Қазақстан судьяларының VII съезі басталды

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезі басталды. 

Съезд жұмысының басталар алдында Мемлекет басшысына электронды сот төрелігінің жетістіктері, сондай-ақ Қазақстандағы сот билігінің қалыптасу тарихы туралы көрме таныстырылды. Шараға судьялар корпусы, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ заңгерлер қауымдастығының, халықаралық ұйымдардың, БАҚ пен ҮЕҰ өкілдері шақырылды. Барлығы 600-ден астам делегат пен форум қонақтары қатысуда.

Елбасы Н. Назарбаев съезге қатысушылар алдында сөз сөйлейді деп күтілуде. Президент еліміздің сот-құқық жүйесінің одан әрі дамуының басымдықтарын айқындап бермек. Айта кетейік, қылмыстық заңнаманы ізгілендіру нәтижесінде түрмедегілердің саны 3 есе қысқарды. Республика сот төрелігіне қолжетімділіктің сот шығындарына қатысты бөлігі бойынша әлемде алғашқы позициялардың бірін иеленіп отыр.

1996 жылы мемлекеттік баж салығының мөлшерлемесі талап-арыз сомасының 10 пайызын құраса, бүгінде ол 1-3 пайызға дейін азайды Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы судьяларының VІ съезі 2013 жылы қарашада Астанада өткен болатын. VI съезде Президент судьялар қауымдастығы алдында бес міндет қойды: заңнамалық нормаларды біртіндеп жетілдіру (Үкіметке Жоғарғы Сотпен бірлесіп жаңа Азаматтық процессуалдық кодексінің жобасын әзірлеу тапсырылды), сот құрылысын жетілдіру, даулар мен жанжалдарды шешудің баламалы тәсілдерін енгізу, азаматтардың қалың көпшілігіне сот төрелігінің қолжетімділігн қамтамасыз ету, Қазақстанның судьялар корпусының кәсібилігін арттыру. 

Судьялардың VI съезіннен кейінгі сот жүйесінің жетістіктері: Жоғарғы Сот заңнаманы жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар жасады. 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық және Қылмыстық-атқарушылық кодекстері қолданысқа енгізілді.

2015 жылғы 31 қазанда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен Президент жаңа редакциядағы Азаматтық процессуалдық кодекске ашық түрде қол қойды. Бұл заң халық үшін сот ісін жүргізуді біршама жеңілдетті, тараптар дауларының кез келген сатысында татуласулары бойынша жаңа құрал кеңінен енгізілді. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР АПК қолданысқа енгізілді.

 inform.kz

Хабарламаларға жазылу