Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова барша қазақстандықтарды Ұлттық валюта күнімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова барша қазақстандықтарды Ұлттық валюта күнімен құттықтады

15.11.2016
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова барша қазақстандықтарды Ұлттық валюта күнімен құттықтады

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Ұлттық банктің «Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл: ұлттық валюта» атты конференциясына қатысты

Конференцияға сондай-ақ, Конституциялық кеңес төрағасы И.Рогов, Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, жетекші экономистер мен қаржыгерлер, танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, сарапшылар қатысты.

Г.Әбдіқалықова іс-шарада сөйлеген сөзінде республикамыздың экономикалық тәуелсіздігінің негізін қалаған және ел егемендігін нығайтудағы маңызды қадам болған ұлттық валютаны енгізу жөніндегі Қазақстан Президентінің тарихи шешімінің тағдыршешті әрі көреген  шешім болғанын атап өтті. Ұлттық валютаның пайда болуы нарықтық қарым-қатынастың дамып, тиімді банк жүйесінің қалыптасуына тың серпін берді.

«Тәуелсіздік жылдарында біз жаһандық нарыққа кіріккен заманауи экономика құрып, көптеген шетелдік инвесторларды елімізге әкеліп, халықаралық қоғамдастықтың сенімді серіктесіне айналдық. Мемлекет басшысының сындарлы көшбасшылығының арқасында Қазақстан тұтас бір дәуірге барабар жолдан өтті», – деді Мемлекеттік хатшы.

Соңында Г.Әбдіқалықова барша қазақстандықтарды Ұлттық валюта күнімен құттықтады.

Конференция қорытындысы бойынша Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған 10 мыңдық сувенирлік банкнот пен монета таныстырылды.

Хабарламаларға жазылу