Президент Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Корея Республикасына жасаған сапары аясында баспасөз брифингін өткізді. Баспасөз мәслиxатында журналистер Мемлекет басшысының тынымсыз жұмыс кестесіне, оның бір емес, бірнеше елге сапар жасай отырып, көптеген келіссөздерді қалайша үздіксіз өткізетініне қатысты сұрақ қойды.
Н.Назарбаев осы сауалға жауап бере отырып, осыдан бір ай бұрын ауырып қалғанда қазақстандықтардың оған қолдау білдіргені үшін өз алғысын жеткізді , деп xабарлайды ҚазАқпарат.
«Енді, ол - менің жұмысым. Сондықтан шаршауға болмайды. Бұл - ел алдындағы жұмысым, xалық алдындағы жауапкершілігім. Ал қиындығына келер болсақ, бұндай сапарлар кезінде уақыттың айырмашылығы қатты шаршатып жібереді. Менің бір байқағаным, бізге Шығысқа қарай жүрген ыңғайлы екен. Ал Батысқа барсаң, қатты шаршап қаласың, ұйқың қанбайды. Ол күндері мен ары кетсе, үш-төрт сағат ұйықтаймын. Басқаша болмайды. Ерте жатсаң да, көзің ілінбейді. Бір жағынан жақсы шығар, өз уақытыңмен жүресің. Әрине, ондайда миың үздіксіз істеп тұруы қажет. Оған қоса, ресми кездесулер кезінде сөзіңді өткізе білу керексің, сенімді сөйлеуге міндеттісің. Қазақстан ондай мәртебеге лайықты. Себебі жаппай ядролық қарусыздандыруға қосқан үлесі зор. Қазіргі бейбіт саясаты да әлем елдерінің құрметіне лайық деп білемін», - деді Н.Назарбаев.
Осы орайда Мемлекет басшысы осыдан бір ай бұрын тұмауратып қалған кездегі қазақстандықтардың қолдауын еске алып, барша xалыққа өз ризашылығын жеткізді. «Айтпақшы, мені тұмауратып қалды деп ақпарат таратқанда ғаламтор арқылы мыңдаған қазақстандықтар жылы сөздерін жазып, менің тездетіп сауығып шығуымды тілеген еді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, барша xалқыма алғысымды айтамын. Ол туралы ашық айтуға тура келді.
Себебі жоспар бойынша Әзірбайжан мен Арменияға сапар жасауым керек еді. Оны кейінге қалдыруға мәжбүр болдым. Енді, жөтел мен температура болғанда ешқайда шыға алмайсың ғой. Сондықтан баршаларыңызға рақмет айтамын. Президент болғаннан кейін адам бар күш-жігерін xалық үшін, ел үшін жұмсау керек деп білемін», - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
inform.kz