Астанада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы 2016 жылғы Мемлекеттік сыйлығын тағайындау жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы өтті.
Қазақстанның әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығы - әдебиет пен өнер қайраткерлерінің қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегін жоғары тану. Ол ел азаматтарына отандық мәдениетті дамытуға ерекше бағалы үлес деп танылған әдебиет пен өнер саласындағы аса үздік шығармалары үшін беріледі.
Отандық шығармашыл зиялы қауымнан құрылған комиссия мүшелері іріктеліп алынған шығармалардың үш айлық мерзімдегі талқылану барысы жөніндегі Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының ақпаратын тыңдап, еркін пікір алмасты.
Комиссия жасырын дауыс беру арқылы Елбасы қарауына ұсынылатын 2016 жылғы Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы лауреаттығына үміткерлерді анықтады. Дәстүр бойынша марапаттау Тәуелсіздік күні қарсаңында өтеді.