Нұрсұлтан Назарбаев «Халық Арена» спорт кешенінде болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев «Халық Арена» спорт кешенінде болды

19.09.2016
Нұрсұлтан Назарбаев «Халық Арена» спорт кешенінде болды

Елбасы спорт ғимаратының қызметімен танысып, кешен аумағын аралады. Қазақстан Президентіне көпфункционалды мұз айдынының одан әрі қолданылу перспективасы туралы баяндалды.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Олимпиада жеңімпаздарымен және қаланың спорт қоғамдастығымен әңгімелесті.

– Қазақстан өзін спорт державасы ретінде таныта білді. Бұл жетістіктермен шектелмеу керек. Спорттағы еліміз бағындырған биіктердің деңгейін бұдан әрі көтере түсу қажет. Мемлекет халықтың денсаулығына баса көңіл бөліп отыр. Дүниежүзілік қысқы универсиадаға дайындық барысында заманауи спорт ғимараттары салынды. Ол көпшіліктің, әсіресе, балалар мен жастардың спортпен шұғылдануына қосымша серпін береді, – деді Мемлекет басшысы.

Спортшылар ұдайы көңіл бөліп, қамқорлық көрсетіп келе жатқаны үшін Елбасына алғыстарын білдірді. Үш мың көрерменге арналған мұз айдыны хоккей жарыстарын өткізуге лайықталған. Универсиададан кейін «Халық Аренаны» қалалық хоккей командаларының ойын алаңына, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, сондай-ақ тұрғындардың жаппай сырғанау орталығына айналдыру жоспарлануда. Кешен концерттер, көпшілік мәдени іс-шаралар өткізуге лайықталып, қазіргі заманғы жарық және дыбыс құрылғыларымен жабдықталған.

akorda.kz

Хабарламаларға жазылу