
«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының тапсырысымен 2016 жылы түсірілген «Әке» телехикаясында басты рөлді сомдаған актер Азат Сейтметов Сеулде өткен беделді халықаралық кинофестивальде жүлдеге ие болды.
Оңтүстік Кореяда өткен Азия елдерінің үздік драмалық сериалдарын марапаттайтын дәстүрлі шарада Қытай, АҚШ, Жапония, Бразилия, Түркия, Ұлыбритания және т.б. елдермен қоса, әлемнің 50-ден астам мемлекетінің өкілдері бақ сынады. «Seoul International Drama Awards» XI халықаралық фестивалінде әр елдің сериал жанрындағы жаһандық және әлеуметтік мәселелерді қамтитын үздік жұмыстары сарапқа салынады.
«Әке» сериалының тұсаукесері 2016 жылдың көктемінде «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында көрермен назарына ұсынылды.
Ер жетіп қалған балаларымен арадағы қарым-қатынасын түзеуге тырысқан әкенің тағдырын баяндайтын, отбасылық құндылықтарды насихаттайтын фильмнің киносыншылар мен телекөрермендер тарапынан жағымды пікір қалдырғаны туындының аудиториялық көрсеткішінің жоғары екенін білдіреді.
Ұйымдастырушыларға алғыс білдірген Азат Сейтметов: «Осы фестивальге келгеніме өте қуаныштымын. Қазақстан бұл фестивальге тұңғыш рет қатысып отыр. Фестиваль ұйымдастырушылары мен қазылар алқасының осы аталымда мені таңдағанына шексіз ризамын. Бұл - біздің түсірілім тобы үшін үлкен мәртебе. Біздің еңбегімізді бағалағандарыңыз үшін мың алғыс. Аталмыш награданы әкеме арнаймын. ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі мен «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясына, сериал авторы және режиссері Асқар Ұзабаевқа алғысым шексіз»,-деді.
Сейтметов Азат Райымбекұлы - театр және кино актері. 1964 жылы 14 қыркүйекте Алматы қаласында актерлер отбасында дүниеге келген. 1985 жылы Т.Жүргенов атындағы Алматы театр училищесін тәмамдаған. М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық театрының актері.
«Қазақстан» РТРК» АҚ сериалдарындағы рөлдері:
• 2010 «Айналайын»
• 2013 «Ұлжан»
• 2015 «Шырғалаң»
Seoul International Drama Awards 2016 (SDA) – 2006 жылдан бері өтіп келе жатқан телевизиялық фильмдер мен актерлерді, сондай-ақ, түсірілім қызметкерлерін марапаттайтын дәстүрлі шара. Бұл фестивальде үздік телехикаялар таңдалады. Шараны ұйымдастырушылар - Seoul Drama Awards ұйымдастыру комитеті мен Корея телерадиохабар тарату қауымдастығы (KBA).
«Әке» телехикаясының соңғы бөлімін бүгін, 8 қыркүйек 21:05-те өткізіп алмаңыз!
