24 маусымнан бастап Маңғыстау облысындағы сұйытылған газ бағасы 35 теңге болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

24 маусымнан бастап Маңғыстау облысындағы сұйытылған газ бағасы 35 теңге болады

24.06.2016
24 маусымнан бастап Маңғыстау облысындағы сұйытылған газ бағасы 35 теңге болады

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Маңғыстау облысының аумағында жалпы мерзімі 180 күнге (жарты жыл) созылатын сұйытылған мұнай газының бағасын уақытша мемлекеттік реттеу жүргізуде. Осы ретте, аймақтағы сұйытылған газдың шекті бөлшек сауда бағасы бекітілді, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

«24 маусымнан бастап сұйытылған мұнай газының бағасын уақытша мемлекеттік реттеу басталады. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығын негізге ала отырып, «ҚазГӨЗ» ЖШС-нен сұйытылған газдың 1 тоннасын 34 000 теңгеге дейін арттыру туралы өтініш түсті. Біз бүгін соны талқылап, «ҚазГӨЗ» ЖШС үшін үстеме ақыны есептемегенде тоннасы 28 000 теңге көлемінде болатын шекті көтерме бағаны бекітіп отырмыз. Жанармайдың 1 литрі үстеме ақымен 17 теңгені құрайды. Зауыт бұл тариф бойынша 180 күн, яғни жарты жыл жұмыс жасайды. Тариф деңгейін асырған субъектілер әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 159 бабы бойынша жауапқа тартылады. Шағын және орта бизнес өкілдері үшін айыппұл - 250 айлық есептік көрсеткіш, ірі субъектілер үшін - 1 000 айлық есептік көрсеткіште белгіленген.  Егер бірнеше рет бұзатын болса, айыппұл құны да арта береді», - деді Маңғыстау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының м.а. Бақытжан Бекмұратов.

Бүгінгі таңда «ҚазГӨЗ» ЖШС - Маңғыстаудағы сұйытылған газды өндіретін жалғыз зауыт. Газдың тапшылығы, ең алдымен, жанармайға деген сұраныстың артуынан болып отыр.

Сондай-ақ, құқық қорғау органдарымен аймақтағы жүк көліктерінің қозғалысын бақылау жүргізіліп жатыр. Облыс шекарасында тәулік бойына барлық автокөліктердің қозғалысын қадағалайтын кезекшілер қойылған.

Хабарламаларға жазылу