Оңтүстік Кореяның Хвасун қаласында ММА аралас жекпе-жектен ІІІ Азия чемпионаты өтті.
Бәсекеде қазақстандық спортшылар топ жарып, Азия біріншілігінде 7 чемпиондық белбеудің бесеуін және 2 күміс медальға қол жеткізді.
2016 жылғы Азия чемпионы атағына ақтөбелік Азамат Марқабаев, Гойти Дазаев пен Еркінбек Инжель (61,2 77,1, 93 келі салмақ дәрежелері бойынша), сондай-ақ, қарағандылықтар - Исмаил Героев (65,8 келіге дейін) пен Мохмад Сулиманов (93 келіден жоғары) қол жеткізді.
Күміс жүлдеге Қарағанды облысынан Неймат Асадов пен Бауыржан Қуанышбаев (70,3 кг дейін және 84 келі) ие болды.
Ал, жеңіл салмақта (61,2 келі) Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы Сергей Морозов (7-1-0) оңтүстіккореялық Lee Youn Jin-нен (1-2-0) басым түсті. Сонымен бірге, кәсіби рингте Абылайхан Қадыржан (2-0-0) кореялық спортшы See Sung In Heig-ті жеңді (6-5-2).
80 келі салмақта белдесіп жүрген ММА аралас жекпе-жектен Азия чемпионы, Әлем чемпионы Шавкат Рахмонов (7-0-0) кореялық спортшы Park Jun Young-пен (3-1-2) шығып, жеңіске қол жеткізді.
inform.kz