Екібастұз қаласында голландтық раушан гүлдер өсіретін жылыжай кешені іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұз қаласында голландтық раушан гүлдер өсіретін жылыжай кешені іске қосылды

01.07.2016
Екібастұз қаласында голландтық раушан гүлдер өсіретін жылыжай кешені іске қосылды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Индустриалды-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы: 2016 жылдың I жартыжылдық қорытындысы» атты кеңесте Екібастұз қаласындағы голландтық раушандар өсіретін жылыжай кешенін іске қосты.

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз аз ғана уақытта әлемдік деңгейдегі заманауи жылыжай кешенін салдық! Қазіргі таңда бұл жоғарғы өнімділік беретін ең ірі жылыжайлардың бірі. Жылыжайда 70 жұмыс орны ашылды. Оның көбі қыз-келіншектер. Шетелдік мамандар біздің қызметкерлерді толығымен оқытты. Қазір раушан гүлдерімізді көршілес Ресейдің қалаларына экспорттауды бастағалы жатырмыз», деді  «GreenhouseKZ» ЖШС директоры Айтмағамбет Сәрсенбекұлы.

Мемлекет басшысы өз кезегінде кешеннің іске қосылуына рұқсат берді.

Жаңа жылыжайда голландтық раушандар топырақта емес, минералды мақтада тамшылатып суару әдісімен өсіріледі. Аумағы 5 гектар кешен қажетті жарықты Екібастұз МАЭС-1 станциясынан алады. Алдағы уақытта елімізге голланд раушаны шетелден тасымалданбайды деп күтілуде.

Хабарламаларға жазылу