Бүгін «Қазмедиа орталығында» «Қазақстан» Ұлттық арнасынан үш күн бойы тікелей эфирде көрсетілген «Шын жүректен!» қайырымдылық телемарафонының алғашқы қорытындысына арналған брифинг өтті.
Баспасөз мәслихатына «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова, «Қазақстан халқы Ассамблеясы қоры» Қоғамдық қорының басшысы Талғат Балпышев және ҚХА хатшылығының сектор меңгерушісі Назипа Шанаи қатысты.
«Қайырымдылық телемарафонының мақсаты көпшілікті әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі жандарды асырап отырған отбасылардың жағдайынан хабардар етіп, көмек қолын созуға шақыру болатын. Ұлттық арна ұжымының шығармашылық идея ретінде ұсынған бастамасы Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан қолдау тауып, үлкен бірлескен жоба ретінде жүзеге асты. Телемарафон өткен үш күннің ішінде біз қаншама көмекке мұқтаж жандарды, тиісінше оларға қолұшын созуға әзір адамдардың да көп екеніне көз жеткіздік. Бұл - қайырымдылықтың үлкен көрінісі», деді Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы.
Сондай-ақ, Н.Мұхамеджанова өз сөзінде жобаның күзгі телевизиялық маусымда қайта жалғасын табатынын атап өтті.
Баспасөз мәслихаты барысында үш күн ішінде республика бойынша қоғамдық қор есепшотына 30 миллион теңге аудару туралы келісімдер болғаны, сонымен қатар, мұқтаж жандарға 15 миллион теңге қаражат көлемінде түрлі қызметтер мен заттай көмек көрсетілгені аталып өтті.
ҚХА өкілдерінің айтуынша, келіп түскен 1000-нан астам өтініштің ішінде аймақтардан әлеуметтік мәселелер бойынша құқықтық сұрақтар, үй бөлу мәселелері бойынша сауалдар болған. Оның барлығы жинақталып, жергілікті атқарушы органдарға жолданды.
«18 жасқа дейінгі балалардың денсаулығына қатысты 213 хат келіп түскен болатын. Соның 201-ін жергілікті жерлерде шешу мүмкіндігі бар екені анықталды. 12-іне ҚХА жанынан құрылған қоғамдық қордан қаражат аударылатын болады. Қазіргі кезде «Асыл бала» қауымдастығымен бірлесіп, шұғыл көмек көрсетілуі тиіс балалардың тізімі жасалып, қаражат аударылуда», деді ҚХА хатшылығының сектор меңгерушісі өз сөзінде.
«Қайырымдылық шарасына көңіл бөліп, үлес қосқан азаматтардың барлығына алғыс білдіреміз. Жанашырлық танытып, қолұшын созған жандардың арасында зейнеткерлер де болды. Бұл - біздің қоғамның рухани өскендігінің көрінісі», деп атап өтті Н.Шанаи.