Белсенді 200 жобаның 60-тан астамы агроөнеркәсіп кешені саласына тиесілі. Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 29-шы жалпы отырысында Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев осылай айтты.
«Белсенді 200 жобаның 60-тан астамы агроөнеркәсіп кешені саласына тиесілі екендігін атап өткім келеді. Бүгінгі күні корейлік Лотте компаниясы кондитерлік өнімдер шығару бойынша жобаны, француздық Лакталис пен немістің Меггле компаниялары сүт өнімдерін шығару және қайта өңдеу жобасын жүзеге асыруды бастайды. Мұнан бөлек агроөнеркәсіп кешені саласында Қазақстанның 9 өңірінде ірі жобалар жүзеге асырылады», - деді ол.
Министрдің атап өтуінше, мәселен, өткен аптада итальяндық ТНК Cremonini компаниясы қайта өңделген ет өнімдерінің түр- түрін шығаратын заманауи комбинат құрылысының басталғандығы туралы жария еткен.
«Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге бұл жұмыстар өз жалғасын табатын болады», - деді Ә.Исекешев.