Биыл Нұрлан Өнербаевтың ән әлемінде жүргеніне – 30 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Нұрлан Өнербаевтың ән әлемінде жүргеніне – 30 жыл

27.05.2016
Биыл Нұрлан Өнербаевтың ән әлемінде жүргеніне – 30 жыл

Бұл ән кеші «Ауылға сағыныш» деген атаумен өтті. Бұлай атауының себебін əнші ауыл мен тыңдармандарды сағынғандықтан деп түсіндірді. Кеште өнер иесі репертуарындағы ең танымал «Ауылым», «Ұшқын жылдар», «Айдай» және «Анашым» атты бірқатар әндерін орындады.

Сондай-ақ, кеште Нұрлан Өнербаевтың ұлдары Мақсат пен Марғұлан да өнер көрсетті. Мақсат ән орындаса, Марғұлан пианиномен сүймелдеді.

Биыл Н.Өнербаевтың ән әлемінде жүргеніне 30 жыл толды. Осыған орай, әнші Қазақстаннның өңірлерін аралап, кеш өткізіп жатқанын айтты.

Әншіні тыңдармандары сағынғаны соншалықты, əр əнінен, əр сөзінен соң залға жиналған тыңдармандар алақандарын аямай соғып, шапалақпан ыстық ықыласын жеткізіп отырды.

«Соңғы кезде өнердегі іні-қарындастарым маған «Аға анау əніңізді мен айтайыншы, мына əніңізді маған беріңізші», - деп қолқа салатын болды. Демек, əн əлеміндегі 30 жылымда халықтың көңілінен шығатын, есті əндер орындаған сияқтымын», - деді әнші.

«Құрметті менің тыңдармандарым, мені интернет əлемінен іздемеңіздер, ешбір желіде жоқпын. Мені тек сахнадан іздеңіздер»,- дейді кеш иесі.

«Жұлдызды караоке» айдарында өнер иесі залдағы тыңдармандарымен өзінің репертуарындағы танымал әндерінің бірі «Анашым» әнін қосыла шырқады.

Концертті «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының «Сәлем, Қазақстан!» жобасының алдағы шығарылымдарынан көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу