«Балапан» телеарнасы Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастастырған «Менің елім» республикалық сурет байқауына келіп түскен жұмыстарды іріктеп жатыр.
Астана қаласының Суретшілер одағы мүшелерінен құрылған арнайы комиссияның айтуы бойынша, республикамыздың түкпір-түкпірінен 100-ден аса жұмыс келіп түскен. Олардың ішінен 30-ға жуығы іріктеледі.
Іріктеліп алынған суреттер ертең, 26 мамыр Астана қаласындағы Республикалық оқушылар сарайында өтетін арнайы көрмеге қойылады.
Сонымен қатар, көрме аясында «Балапан» телеарнасының ұйымдастыруымен балалар арасында бормен сурет салу шарасы өткізілмек.
Айта кетейік, жұмыстарды қабылдау 25 сәуірден 25 мамыр аралығында жүргізілді. Сайысқа 6-8 жас аралығындағы қылқалам шеберлері қатысты.