К.Мәсімов: Келесі аптада Астанада ЕАЭО Мемлекет басшыларының кеңесі өтеді

25.05.2016
 К.Мәсімов: Келесі аптада Астанада ЕАЭО Мемлекет басшыларының кеңесі өтеді

Келесі аптада Еуразиялық экономикалық одақ елдері Мемлекет басшыларының кеңесі өтеді. Бұл туралы бүгін Астана экономикалық форумы аясындағы «Ұлы Жібек жолы елдерінің форумы: Энергия, ресурстар және орнықты даму» сессиясының ашылуында сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мәлім етті.

«2014 жылы Қазақстан Президенті «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатты ұсынды. Бұл бағдарлама Қазақстанның жаһандық өсім қарқынының төмендеуі мен мұнай бағасының арзандауына негізделген жаңа экономикалық шынайылыққа жауабы болды. Бағдарламаның мақсаты - Қазақстан экономикасын жаңғыртуды жалғастыру және оны жаһандық экономиканың жаңа бағыттарына бейімдеу», - деді ҚР Премьер-Министрі.

Үкімет басшысы сөзінде осыдан бірнеше күн бұрын Арменияда Еуразиялық экономикалық одақ елдері Үкімет басшыларының отырысы өткендігін, онда ЕАЭО-ның Еуразиялық экономикалық жол бағдарламасы мен Қытайдың «Бір белдеу, Бір жол» жобасын түйіндестіріп, дамыту тұжырымдасы талқыға түскенін атап өтті.

«Тұжырымдама мен әдістер Үкімет басшылары деңгейінде іріктеп алынды және келесі аптада, Астанада өтетін Еуразиялық экономикалық одақ елдері Мемлекет басшылары кеңесінде бұл шешімдер қорытынды мақұлдауға енгізіледі. Осыдан кейін Еуразиялық экономикалық одақ елдері «Бір белдеу, Бір жол» бағдарламасын іс жүзінде қолдану және оны әлеуетті дамыту мүмкіндігін алады. Меніңше, Ұлы Жібек жолы немесе «Бір белдеу, Бір жол» бағдарламасы біздің ортақ тарихымыз, ал даму мен гүлдену біздің ортақ мүддеміз», - деді К.Мәсімов.

Хабарламаларға жазылу