Биыл 80 жасқа толған Қазақстанның Халық әртісі Сәбит Оразбаев таяуда І дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Актерге мемлекеттік марапатты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі табыстады.
Сәбит Оразбаев отандық театр саласын өркендетуге және елдегі бейбітшілік пен достықты, қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін марапатталып отыр.
Қазақ театр өнеріне жарты ғасырдан астам уақытын арнаған өнер иесі бүгін «Таңшолпанға» сұхбат берді.
«Бұл марапат жалпы театр өнері деңгейінің жоғарылағанын көрсетеді. М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында 60 жылдай еңбек еттім. Осы қарашаңырақтың ерекше еңбегіне берілген баға», дейді өнер иесі.
Актердің Елбасымен кездесуі қалай өтті? Өмірдің, өнердің үлкен белестерін артқа тастаған ақсақал ретінде әртісті қандай мәселелер толғандырады? «Өнерде шынайылық азайды» деген көзқарасқа қандай пікірде?
Осы сауалдар төңірегінде өрбіген сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» тыңдай аласыздар.