Елші Рашад Мамедов: Әзербайжан жұрты О.Сүлейменовтің ерлігі мен жанашырлығын ешқашан ұмытпайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елші Рашад Мамедов: Әзербайжан жұрты О.Сүлейменовтің ерлігі мен жанашырлығын ешқашан ұмытпайды

23.05.2016
Елші Рашад Мамедов: Әзербайжан жұрты О.Сүлейменовтің ерлігі мен жанашырлығын ешқашан ұмытпайды

Астанада өтіп жатқан «Ұлы дала» гуманитарлық ғылымдар форумында Түркі академиясы түркітану ғылымына сіңірген еңбектері мен мұралары арқылы халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, мәдени байланыстарды тереңдеткені үшін бірқатар тұлғаларды арнайы алтын медальмен марапаттады.

Атап айтсақ, 80 жасқа толған қазақтың қоғам қайраткері, әлемге белгілі ақын, Қазақстанның Еңбек ері, жазушы Олжас Сүлейменов, түркітанушы ғалым, Ломоносов атындағы ММУ Азия және Африка елдері институтының өкілі Дмитрий Насилов, көрнекті ғалым, Қазақстанның қоғам қайраткері Әділ Ахметов пен Өзбекстан Ғылым академиясының академигі, тарихшы ғалым Ахмадали Асқаров Түркі Академиясының алтын медальдарын кеуделеріне тақты.

Осы тұлғалар марапатталып біткен соң, Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Рашад Мамедов Олжас Омарұлын сахна төріне қайта шақырып, Әзірбайжан Президентінің құттықтау хаты мен құрмет дипломын табыстады.

«2016 жылдың 18 мамырында қазақтың біртуар ұлы, түркі әлеміне ортақ тұлға Олжас Сүлейменов 80 жасқа толды. 16 мамыр күні Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Әзербайжан Республикасының атынан Олжас Сүлейменовті құрмет дипломымен марапаттау туралы қаулыға қол қойды»,-деді елші О.Сүлейменовті құттықтай отырып.

«1990 жылдың 20 қаңтарында Бакуге Кеңес әскері кіріп, бейбіт халық қаза тапқан күннің ертеңінде Әзербайжанның зиялы қауым өкілдері сол кездегі Кеңес одағы елдеріндегі әріптестеріне мәлімдеме жасап, бүкіл әлемге Әзербайжан халқының үнін жеткізу үшін Бакуге шақырған еді. Ертеңінде Бакуге жалғыз адам келді, ол - Баку халқының жанынан табылған Олжас Сүлейменов еді...», - деген елші Әзербайжан жұрты О.Сүлейменовтің ерлігі мен жанашырлығын ешқашан ұмытпайтынын атап өтті.

Хабарламаларға жазылу