Қазақстан мен Қытай СІМ ынтымақтастықты дамытудың басымдық берілген мәселелерін талқылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Қытай СІМ ынтымақтастықты дамытудың басымдық берілген мәселелерін талқылады

22.05.2016
Қазақстан мен Қытай СІМ ынтымақтастықты дамытудың басымдық берілген мәселелерін талқылады

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов кеше Алматыда Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван Имен кездесті, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Келіссөздер барысында бірқатар салалар бойынша қазақ-қытай ынтымақтастығын дамытудың басымдық берілген мәселелері жан-жақты талқыланды.

«Биылғы жылы алда тұрған «Үлкен жиырмалықтың» саммитіне қатысу үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға және ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянның Қазақстанға сапарларын әзірлеуге ерекше ден қойылды», делінген хабарламада.

Кездесуде сондай-ақ, екіжақты сауда өсімін ынталандыру үшін көлік жолдарын әртараптандыру, индустриялық-инновациялық ынтымақтастықты арттыру, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай аймақтары арасындағы сауда-инвестициялық байланыстарды кеңейтудің өзектілігі айтылды.

«Бізге екіжақты сауда көлемін ұлғайту үшін жаңа мүмкіндік іздеуді жалғастыру қажет», - деп атап өтті осы орайда Е. Ыдырысов.

Сонымен қатар, трансшекаралық өзендердің су ресурстарын ұтымды пайдалану, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту және туризм салаларындағы ынтымақтастық бойынша мәселелер де екіжақты кездесуде сөз болды.

Қытай тарапы өзара тиімділік негізінде Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтасуға және бір-бірін құрметтеуге дайын екенін білдірді.

«Жол картасын» тиімді әзірлеу үшін біз «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасы бойынша бірлескен жұмыс тобын құруға ниеттіміз. Қытай елінің тиісті мекемелері бұл жұмысқа кірісіп кетті», - деп мәлімдеді Ван И.

Кездесу барысында көкейкесті жаhандық және өңірлік мәселелер, оның ішінде Ауғанстандағы ахуал, Сириядағы жағдай, халықаралық терроризм мен діни экстремизмнің қаупі бойынша мәселелер қозғалды.

Екі жақ Біріккен Ұлттар Ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесі және басқа да көпжақты форматтар аясында өзара ic-қимыл және ұстанымдарды үйлестіруді нығайтуға мүдделі екенін білдірді.

«Пікір алмасулар қорытындысы бойынша, тараптар өзара тиімді екіжақты ынтымақтастықты дамыту бойынша алдағы қадамдарды айқындап, дәстүрлі достық сипаттағы қатынастарды ұстануға сенімділіктерін растады», -делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қытайдың сыртқы саяси ведомствосының басшысы сапарының басты міндеті Ташкентте 23-24 маусым аралығында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін әзірлеу мақсатындағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесіне қатысу. Сол үшін ол Ташкентке барар жолда Алматы және Бішкек қалаларында тоқтады.

Хабарламаларға жазылу