М. Құл-Мұхаммед: Жерді сатудың шекті мөлшері белгіленуі керек

21.05.2016
М. Құл-Мұхаммед: Жерді сатудың шекті мөлшері белгіленуі керек

Жерді сату бағасының шекті мөлшері белгіленуі керек. Бүгін Астанадағы Ұлттық музейде өтіп жатқан Жер реформасы бойынша республикалық комиссияның отырысында комиссия мүшесі, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай мәлім етті.

«Біздің қолданыстағы заңымызда шекті мөлшер тек бір ғана ауданның ауқымында айқындалып отыр. Бізде бір адамда Қазақстан аумағындағы бірнеше ауданнан жерді сатып алатын азаматтар бар, ондай мүмкіндіктер де бар. Сондықтан да, әрине, бәрі заңмен шектелмейді, Үкімет қаулысы қабылданғанда аудан мен облыс бойынша емес республика бойынша шекті мөлшерді бекітуге назар аударуымыз керек», - деді М. Құл-Мұхаммед.

Бұдан бөлек, комиссия мүшесі жазушылармен жүздескенде айтылған пікірлерге де назар аударды. Мәселен, жазушы Бексұлтан Нұржекеев Қазақстанның шекаралық аймақтағы жерлері жалға берілмесе, олардың шекарадан алыстығын белгілесе деген екен.

«Бұл да дұрыс. Қазіргі заңымызда ондай пункт бар, шекаралық аймақтағы жерлер берілмейді. Алайда, ол пункттің мөлшері 3-5 шақырымның деңгейінде ғана сақталған. Меніңше, осыны 100-200 шақырымға дейін деп көрсетіп, шекаралық аймақтардағы жерлердің мәселесін жазуға тиіспіз», - деді М. Құл-Мұхаммед.

Хабарламаларға жазылу