Бүгін журналист Руслан Бөлебайдың туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін журналист Руслан Бөлебайдың туған күні

16.05.2016
 Бүгін журналист Руслан Бөлебайдың туған күні

24 жасында жасындай жарқ еткен талантты тележүргізуші, журналист, әнші Руслан Бөлебайдың бүгін дүниеге келген күні.

Әр атқан арайлы таңды «Қайырлы таң, Қазақ елі!», деп бастайтын танымал журналист Руслан Бөлебайдың көзі тірі болғанда бүгін ордалы 31 жасқа толар еді.

Әрдайым жайдары жүзімен, жалынды жігерімен айналасына шуақ шашып жүретін жігіттің өнерде де өз асуы болды. «Елес», «Мөлдір моншақтар» әндері соның бір дәлелі.

Жас болса да, қатарластарынан оқ бойы озық болатын Русланның телевизия саласында да өзіндік қолтаңбасы қалды. «НТК», «КТК» және «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында қызмет етіп, көрерменнің көзайымына айналды.

Әнші Айгүл Иманбаева «Көзіне қарап-ақ, Русланның қандай жан екенін аңғаруға болатын. Ақжарқын, ер мінезді әрі ерке, еңбекқор жігіт болатын. Қашан болсын, әркімнің көңілін табуға тырысатын»,-деп еске алады.

Хабарламаларға жазылу