ХОККЕЙ: Қазақстан құрамасы тартысты матчта Чехияға есе жіберді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ХОККЕЙ: Қазақстан құрамасы тартысты матчта Чехияға есе жіберді

14.05.2016
ХОККЕЙ: Қазақстан құрамасы тартысты матчта Чехияға есе жіберді

Мәскеу қаласында хоккейден өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы дүние жүзіндегі мықты командалардың бірі Чехиямен күш сынасты.

Бұған дейін Андрей Назаровтың шәкірттері  Швейцарияны буллит сериясында ұтқаннан кейін қатарынан үш мәрте жеңіліс тапса, чехиялықтар төрт кездесуінде де қарсыластарын тізе бүктірген еді. Әлем чемпионаттарында Қазақстан мен Чехия құрамалары екі рет кездесіп, соның екеуінде де қазақстандықтар ұтылып, бірде-бір гол соға алмаған еді. Сондықтан бұл матчты да чехиялықтар оңай ұтатындай көрінген.

Бірінші кезеңде 14-минутта чехиялық шабуылшы Томаш Плеканец есеп ашты. Екінші таймда қос команда да қақпаға бірдей соққы жасағандарымен, есеп өзгерген жоқ. Шешуші, үшінші кезеңде 42-минутта Т.Плеканец тағы да мергендік танытып, есепті 2:0-ге жеткізді.

Ойынның 55-минутында Найджел Доус гол соғып, үміт отын оятты. Бұл қазақстандық хоккейшілердің әлем біріншіліктерінде Чехия қақпасына енгізген алғашқы шайбасы еді.

Матч аяқталуға екі минуттай уақыт қалғанда, қазақстандықтар қақпашысын айдындағы ойыншыға ауыстырды. Бірақ бұл еш нәтиже бермей, есесіне Роберт Коусал бос қалған қақпаға шайбаны сырғыта салды. Сөйтіп чехиялықтар 3:1 есебімен кезекті, бесінші жеңісіне қол жеткізді. 

Бұл бәсекеде Қазақстан құрамасынан Найджел Доус үздік ойыншы деп танылды.

14 мамыр күні Қазақстан құрамасы негізгі қарсыласы Латвия командасымен кездеседі. Алдағы жылы да күштілер тобында бақ сынау үшін қазақстандықтар латвиялықтарды қайтсе де ұту керек.

Хабарламаларға жазылу