Елбасы Ресей Президентімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Ресей Президентімен кездесті

09.05.2016
Елбасы Ресей Президентімен кездесті

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі аспектілері, сондай-ақ күн тәртібіндегі бірқатар өңірлік және халықаралық мәселелер талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев В.Путинді Жеңістің 71 жылдығымен және Восточный ғарыш айлағынан алғашқы зымыран ұшырылуымен құттықтады.

– Бүгінде кез келген мемлекет осындай заманауи ғарыш айлағын іске қоса алмайды. Бұл Сіздің қолыңыздан келді.  Сіздің ел үшін осы бір тарихи оқиға көптеген ұрпақтың жадында қалатын болады, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев биыл Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы, Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммиті және ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі өтетінін еске салды.

– Биыл күн тәртібінде көп кездесу бар, бағдарлама ауқымды. Қазіргі күрделі кезеңде Еуразиялық экономикалық одақ қалыпты режимде дамып жатыр. Дағдарыс уақытында туындап жатқан қиындықтарды еңсеруге болады, - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Ресей Президенті Жеңістің 71 жылдығына арналған парадқа қатысу мақсатымен Мәскеуге келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.

– Біздің қарым-қатынасымыз да осылай жақсы әрі жан-жақты дами беретініне сенімдімін. Бүгін Сіз көрсеткен ілтипат ертеңгі күні де өзара сенімді нығайтып, достық байланыстарымыздың бұдан әрі дами беруі үшін жақсы жағдай қалыптастыратыны сөзсіз, – деді В.Путин.

Хабарламаларға жазылу