Елбасының тапсырмаларын орындау мақсатында Үкімет отырысында бірқатар шешімдер қабылданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасының тапсырмаларын орындау мақсатында Үкімет отырысында бірқатар шешімдер қабылданды

07.05.2016
Елбасының  тапсырмаларын орындау мақсатында Үкімет отырысында бірқатар шешімдер қабылданды

Отырыс барысында Премьер-Министр «Президент тарапынан жалпы Үкіметке және жеке министрліктерге қатысты жер заңнамасын жүзеге асыру мәселелері бойынша орынды сын айтылғанын» баса айтты.

Сонымен, Премьер-Министр мыналарды тапсырды:

- Орталық және жергілікті атқарушы органдарға Мемлекет басшысы жариялаған Жер кодексінің кейбір нормаларына келесі жылға дейінгі мораторийден туындайтын сәйкес шаралар қабылдау.

- Қысқа мерзімде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевтың басшылығымен жер заңнамасын түсіндіру бойынша Комиссияның тиімді жұмысы үшін қажетті шаралар қабылдау.

- Жер қатынастарын реттеу саласындағы мәселелерді Ұлттық экономика министрлігінен Ауыл шаруашылығы министрлігіне тапсыру.

- Инвестициялар және даму министрлігінен ақпарат саласындағы сәйкес функцияларды тапсыра отырып, Қазақстан Республикасының жаңа Министрлігін құру бойынша қажетті рәсімдер жүргізу.

- Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне міндетті медициналық сақтандыруды енгізу бойынша іс-қимылдың Жол картасын әзірлеу.

- Білім және ғылым министрлігіне орта мектептерде оқу жылын ұзарту мәселелері бойынша және үш тілді білім беруді енгізу мерзімдері туралы қоғамның пікірін зерттеу.

- Премьер-Министрдің Орынбасары Дариға Назарбаеваға өңірлердегі консультациялық орталықтармен бірге Үкімет жанындағы бірыңғай сall-орталық - жүргізілген реформалар туралы түсіндіру үшін «жедел желі» құру.

«Жауапты адамдарды бекіту қажет, бір де бір сұрақ жауапсыз қалмауы тиіс», - деп атап өтті ол.

«Әр басшы өз құзіреттілігі аясында реформалардың барлық бағыттары бойынша қоғамның қатынасын талдап, өз қызметінде сәйкес түзетулер енгізуі тиіс», - деп баса айтты К.Мәсімов.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша жемісті және конструктивті жұмыс қалыптастыру қажет. Елбасы бізге тағы да сенім білдірді, енді біз өзіміздің тиімді жұмысымызбен сол сенімді ақтауымыз тиіс», - деп түйді Премьер-Министр.

Хабарламаларға жазылу