Жерді меншігіне сатып алған адам оған ұқыптылықпен қарайды - А.Қадыралина - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жерді меншігіне сатып алған адам оған ұқыптылықпен қарайды - А.Қадыралина

04.05.2016
Жерді меншігіне сатып алған адам оған ұқыптылықпен қарайды - А.Қадыралина

Оның айтуынша, бүгінгі күні облыс аумағында Жер кодексіне енгізілген түзетулер мен толықтыруларды түсіндіру жұмыстары қолға алынған.

«Аталған түзетулерге сәйкес Ақмола облысындағы бірқатар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер де міндетті түрде аукцион арқылы жекеменшікке берілмек. Оған қоса, қазіргі кезде заңнама осыған дейін кадастрлық құнынан 50 пайыздық жеңілдікпен 10 жылға дейін бөліп төлеу бойынша жалға алған ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерді сатып алуға мүмкіндік береді.

Ақмола облысы аумағында ауылшаруашылық мақсаттағы жерлердің 10 миллион гектарын мемлекеттік емес жер пайдаланушылар жалға алған.  Бүгінгі күні облыс бойынша жүргізілген талдау нәтижесіне сай кадастрлық бағалау құны 1,6 миллиард теңге тұратын ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерді өз меншігіне сатып алуға ниетті жалға алушылар да бар.

Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың өткен кезеңінде облыстың бірқатар өңірлерінде 6,3 мың гектарға жуық ауылшаруашылық мақсаттағы жерлер 10 жылға бөлеп төлеу бойынша жеке меншікке сатылған.

Сол себепті Ұлт жоспары «100 нақты қадамда» айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін аудандар мен қалалардағы жергілікті атқарушы органдар ауылшаруашылық мақсаттағы кадастрлық бағалау құны 458,3 миллион теңгеге жуық жалпы аумағы 42,5 мың гектар 117 жер учаскесі сатуға дайындалды.

Осы орайда бір айта кетерлігі, 2016 жылдан 1 шілдесінен бастап, бірлескен кәсіпорын қазақстандық үлесі 50 пайыздан жоғары болса ғана, бәссаудаға қатыса алады. Барлық фирма бұл жағынан жіті тексеріледі. Шетелдіктер жер сату бойынша бәссаудаға қатыса алмайды. Тәжірибе көрсеткендей, жерді меншігіне сатып алған адам оған ұқыптылықпен қарайды.

Сондықтан еліміз үшін пайдаланылмайтын жатқан ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерді оның қадірін білетін іскер адамдарға сату маңызды. Мемлекеттің ауылшаруашылық мақсатындағы жер учаскелерін сатуынан түсетін қаражат бюджетке емес, Ұлттық қорға аударылады. Әрі ол жерлер халықтың игілігі үшін пайдаланылатын болады», - дейді А.Қадыралина.

Хабарламаларға жазылу