Мейрам Бегентаев Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мейрам Бегентаев Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

04.05.2016
Мейрам Бегентаев Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

V шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша кейбір заңдылық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасын жасау бойынша жұмыс тобының жетекшісі қызметін атқарған Мейрам Бегентаев Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды Павлодар облысы әкімдігінің ресми сайты.

«Жаңа қызметте «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында көптеген маңызды міндеттерді орындауға тура келеді. Сонымен қатар, әлеуметтік саладағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырып, халықты жұмыспен қамту мәселелеріне баса назар аудару қажет», - деп өзінің жаңа орынбасарына сәттілік тіледі облыс әкімі Болат Бақауов.

Біздің анықтама:

Мейрам Мұхаметрақымұлы Бегентаев 1974 жылы 1-мамырда Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Заречное ауылында туған. 1991 жылы Железин орта мектебін бітіріп, Павлодар индустриалды институтына оқуға түсіп, 1996 жылы «Автомобиль және трактор жасау» мамандығы бойынша интситутты үздік аяқтайды. 1994 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттер кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланды. 1999 жылы Павлодар университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша үздік бітірген. 1999 жылдың сәуір айынан бастап Павлодар университетінің мәдениет академиясының директор, 1999 жылдың желтоқсан айынан бастап С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар кафедрасының ізденуші-зерттеушісі, 2000 жылдың қыркүйек айынан бастап қоғамдық ғылымдар кафедрасының оқытушысы, 2001 жылдың наурыз айынан бастап қоғамдық бірлестіктер институтының директоры және С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттік құрылыс отрядының штаб командирі, 2002 жылдың қыркүйек айынан бастап тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер басқармасының бастығы, 2003 жылдың қыркүйек айынан тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер департаментінің директоры болған. 2003 жылы ІІІ шақырылған Павлодар қалалық маслихатының депутаты болып сайланды. 2003 жылдың қазан айынан бастап С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің әкімшілік департаментінің директоры, 2004 жылы сәуір айында тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер бойынша проректор болып тағайындалды. 2008 жылдың сәуір айында стратегиялық жоспарлау, тәрбие және әлеуметтік жұмыстар бойынша проректор.

2005 жылдың сәуір айында «Студенттік және жастар еңбек отрядының Павлодар облыстық штабы» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы болды. 2005 жылы Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Н.Ә. Назарбаевтың Павлодар облыстық қоғамдық штабында облыстық штаб төрағасының орынбасары қызметінде жұмыс жасады. 2006 жылы кандидаттық диссертациясын қорғаған соң, С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың ғылыми кеңесінің шешімімен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің доценті академиялық атағы берілді. 2006 жылдан бастап ҚР студенттік құрылыс және жастар еңбек отрядының республикалық штабының бірінші орынбасары. 2007 жылы IV шақырылған Павлодар қалалық маслихатының депутаты болып сайланды, Павлодар қалалық маслихатының әлеуметтік саясат бойынша комиссиясының төрағасы болды. 2009 жылы доцент ғылыми атағы берілді, 2010 жылы маусым айында э.ғ.д. ғылыми дәрежесі бойынша диссертациясын қорғады.

2010 жылдың желтоқсан айында бірінші проректор - стратегиялық жоспарлау, әлеуметтік және тәрбие жұмысы проректоры болып тағайындалды. 2011 жылы «Нұр Отан» ХДП Павлодар облыстық филиалының Павлодар облыстық қоғамдық сайлау алдындағы штабының төрағасының орынбасары болды. 07.12.2011 жылдан бастап «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша V шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутатына кандидат. 18.01.2012 жылы V шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды, ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму бойынша комитетінің мүшесі, Казақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша кейбір заңдылық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасын жасау бойынша жұмыс тобының жетекшісі.

Хабарламаларға жазылу