1870-1882 жылдар аралығында Ташкент қаласында «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде айына төрт рет екі тілде (екі саны қазақ тілінде, екі саны өзбек тілінде) шығып тұрды.
«Түркістан уәлаятының газеті» Түркістан генерал-губернаторының ресми органы болуына қарамастан, қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымының молаюына елеулі әсер етті.
Қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы Шоқан Уәлиханов туралы ана тіліміздегі тұңғыш мақала осы газетте жарияланды. Сонымен қатар, қазақ хандары, қазақтың тегі, үш жүздің арғы түп атасы саналатын Алаш туралы деректер, жарлықтар, егін егу, мал шаруашылығы, қазақ елінің басқа елдермен қарым-қатынасы, темір жол, алғашқы телеграф, пошта қатынастары, кен қазу, металл, көмір өңдіру, Қытайдағы ұйғыр мен дұнғандар көтерілісі, саяси-экономикалық, оқу-ағарту мәселелері, алғашқы сын, зерттеу мақалалары жарық көрді.
Газеттің алғашқы редакторы ағайынды Шаһмардан, Шаһмұрат Ибрагимовтар.