«Алдағы жылдары елорданың архитектуралық келбеті жаңарады және жаңа елеулі ғимараттармен толыға түседі. Әуежайдың жаңғыртылуы, теміржол вокзалы, Хореография академиясы, Әбу-Даби Плаза, Жасыл аудан тұрғын үй алабы, Ритс Карлтон қонақ үйі және өзге де нысандар салынады. Сонымен қатар ЭКСПО-2017 көрмесіне орай, 24 қонақ үй кешені және 15 мың орынға ЭКСПО қалашық салынады», - деп хабарлады Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков елорданың дамуына қатысты өткен жиында.
Өз кезегінде, жиынға төрағалық еткен Мемлекет басшысы құрылыс барысында балабақшалардың салынуын көзден таса қылмауды тапсырды. Себебі Астана балабақшамен қамту деңгейі бойынша соңғы орындарда тұр.
«Қыруар тұрғын үйлер пайдалануға беріліп жатыр. Бұл үйлердің төменгі қабаттарында балабақша бар ма? Мұнда барлық құрылыс компанияларының басшылары отыр, біз оларға қаражат береміз, несие береміз. Біз ол тұрғын үйлердің ішінде балабақша болуын қарастырып, талап қоюымыз керек. Зәулім ғимараттар салып керек емес. Үй құрылысына рұқсат берер кезде, олардың бірінші қабаттарында балабақша салынуы тиіс деген талап қойыңыздар. Барлық әлемде солай», - деді Н.Назарбаев.
ҚазАқпарат