Ермахан Ыбырайымов: Геннадий Головкин 5-ші раундта жеңіске жетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ермахан Ыбырайымов: Геннадий Головкин 5-ші раундта жеңіске жетеді

20.04.2016
Ермахан Ыбырайымов: Геннадий Головкин 5-ші раундта жеңіске жетеді

WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы Әлем чемпионы, қазақстандық Геннадий Головкин (34-0, 31 КО) 23 сәуір күні (Астана уақытымен 24 сәуір) америкалық боксшы Доминик Уэйдке (18-0, 12 КО) қарсы жекпе-жекке шығады.

Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбрайымов Головкин-Уэйд жекпе-жегіне қатысты жасаған болжамымен бөлісті.

«Геннадий Головкин америкалық боксшы Доминик Уэйдке қарсы жекпе-жектің бесінші раундында жеңіске жетеді. Қарсыласының ұзаққа шыдай қоюы екіталай.  Жалпы, менің Уэйдке қатысты пікірім екіұшты. Бір жағынан, Уэйд - біздің боксшымызға лайық қарсылас емес. Қазіргі таңда Геннадиймен тең ұрысуға төрт-ақ боксшының шамасы келеді. Олар - Сауль Альварес, Флойд Мейвезер, Сергей Ковалев және Дмитрий Пирог.

Ал, Уэйдке Генаның деңгейіне жету үшін әлі өсу қажет. Екінші жағынан, Геннадий секілді әлемдегі үздік боксшылардың біріне қарсы шығудан жүрексінбеуі - Уэйдтің де батыл жігіт екенін көрсетеді. Сол үшін де оны Генаға лайықты қарсылас деп есептеуге болатын шығар...», - дейді Е.Ыбрайымов.

Айта кетейік, жекпе-жекті 24 сәуірде 07:20-ден бастап «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен kaztrk.kz сайты тікелей эфирде көрсетеді. «Қазмедиа Орталығының» лэд-экрандарынан тамашалай алу мүмкіндіктеріңіз бар. Сондай-ақ, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы жанкүйерлер арасында екі Samsung Galaxy A3 смартфонын ойнатуда. Оның шарттары Kaztrk.kz сайтында орналасқан.

Біздің анықтама:

Ермахан Ыбрайымов 1972 жылы Жамбыл облысында туған. Ол – Сидней Олимпиадасының жеңімпазы және Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері. Сондай-ақ, Е.Ыбрайымов Атланта мен Сиднейдегі Олимпиадада Қазақстанның туын ұстап өтті.

Азия чемпионы (1995 жыл), Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Будапешт қ, 1997 жыл), Азия ойындарының чемпионы (1998 жыл), Әлем чемпионатының қола жүлдегері (Хьюстон қ, 1999 жыл), ҚР бокстан Еңбек сіңірген спорт шебері және ҚР бокстан Еңбeк сіңірген жаттықтырушысы. Сонымен қатар, ол I дәрежелі «Барыс» (2000 жыл) орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған (1996 жыл), «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты (2000 жыл). 

Хабарламаларға жазылу