Иран елінің компаниялары Қызылорда облысында бірқатар өндіріс орындарын ашуды жоспарлап отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Иран елінің компаниялары Қызылорда облысында бірқатар өндіріс орындарын ашуды жоспарлап отыр

15.04.2016
Иран елінің компаниялары Қызылорда облысында бірқатар өндіріс орындарын ашуды жоспарлап отыр

Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев мәлімдеді, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қызылорда облысы Қармақшы ауданының «Ақтөбе және К» компаниясы мен ирандық «Туюран Санат Ария» компаниясы арасында Қызылорда облысы Қармақшы ауданында қуаты жылына 1500 тонна бас құс өндіретін зауыт салу жөнінде келісімге қол қойылды. Жобаның жалпы құны 900 млн теңгені құрайды.

Сонымен қатар, Қызылорда облысында тыңайтқыштар өндіру үшін қолайлы орта құру, ғылыми-зерттеу, тәжірибелік жұмыстар жүргізу және Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша Қызылорда облысының әкімдігі мен ирандық «Киа Сам Кармания» компаниясы арасында келісімге қол қойылды.

Бұған қоса, ирандық «Агро Ай Групп» компаниясы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында 15 мың гектар жайылымдық жерге 30 мың бас қой, 10 мың бас ірі қара мал өсіріп, мал шаруашылығы кешенін салуды жоспарлап отыр.

Ал, Иран еліндегі ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші компанияның бірі «Джахад-э-Сабз» акционерлік қоғамымен Қызылорда облысы әкімдігі арасында Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, күріш, майлы дақылдар өндіру мәселелері бойынша 2 меморандумға қол қойылды.

Айта кету керек, аталмыш компания өкілдері өткен жылы облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреевпен кездесіп, облыстық жетекші ауыл шаруашылығы мамандарымен бірге Жаңақорған және Шиелі аудандарында болып, бірлескен іскерлік кәсіпорын ашу арқылы майлы дақылдар және интенсивті алма ағашын отырғызуға қызығушылық  танытқан болатын.

Хабарламаларға жазылу