«Сәлем, Қазақстан!» жобасы аясында Төреғали Төреәлінің жеке концерті өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Сәлем, Қазақстан!» жобасы аясында Төреғали Төреәлінің жеке концерті өтті

15.04.2016
«Сәлем, Қазақстан!» жобасы аясында Төреғали Төреәлінің жеке концерті өтті

14 сәуірде «Қазмедиа орталығында» «Сәлем, Қазақстан!» жобасы аясында жас әнші Төреғали Төреәлінің жеке концерті өтті. Кешке әншінің әкесі Төреәлі Төлепов қатысып, ұлымен бірге ән айтты. Сондай-ақ, кеш қонағы ретінде Асқар Қалмырза да өнер көрсетті.

Кеш әншінің «Тағы, тағы» әнімен басталды. Сонымен қатар, «Мазаламашы», «Мен романтик емеспін», «Жүрегімнің алауы», «Сағынба», «Бол жанымда», «Сүйемін сені», «До-ре-ми», «Жүрек көнбейді», «Қазақ қызға үйленем» және т.б. әндері орындалды.

Концерт барысында Төреғали Төреәлі «Бол жанымда» және «До-ре-ми» әндерін домбыраға салып, ерекше бағытта орындап берді.

Көрерменнің «Айтысқа ораласың ба?», деген сауалына әнші: «Мен айтысқа міндетті түрде ораламын. Ол менің төл өнерім», деп жауап берді.

Тағы бір көрерменнің Ұлттық арнаны қарайсыз ба деген сұрағына, Төреғали Төреәлі: «Мен Ұлттық арнаға 17 жасымда журналист болып жұмысқа тұрғанмын. Қолым қалт еткенде Ұлттық арнаны қарауға тырысамын. «Әйел бақыты», «Түнгі студия», «Сәлем, Қазақстан!» және т.б. хабарларын көремін»,-деді.

«Маған деген құрметтеріңізді қазақ өнеріне деген құрмет деп білемін», деген әнші Ұлттық арнаға, «Сәлем, Қазақстан!» жобасына алғысын білдірді.

Зал халыққа лық толды. Орын болмағандықтан, концерт бойы түрегеп тұрып, кешті тамашалағандар да болды.

Айта кету керек, осыған дейін Ұлттық арнада Төреғалидің шығармашылығына байланысты сауалдар қою түрінде байқау ұйымдастырылып, 17 адам жеңімпаз деп танылған болатын.

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы көрермендерге Төреғалидің ең бірінші орындаған әні қандай, Төреғалидің репертуарында қанша ән бар? деген сауалдар жолдаған еді.

Аталған сауалға 200-ге жуық адам хабарласып, оның 17-і дұрыс жауап берді. Жеңімпаздар Төреғалидің концертіне билеттер ұтып алды. 

Хабарламаларға жазылу