Елімізде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жұмысына кірісті

13.04.2016
Елімізде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жұмысына кірісті

Қайта құру жолымен   «Жер кадастрының ғылым-өндірістік орталығы» РМК,  «Жылжымайтын мүлік орталығы» РМК,   «Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы» РМҚК және «Халыққа қызмет көрсету орталықтары» РМК    «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы  қарауына кіріп, өз қызметін 2016 жылғы 11 сәуірден бастады. 

ҚР Инвестиция және даму министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша,  ішкі құжаттама, корпорацияның даму жоспарларын әзірлеуді, талдауды және инфрақұрылымды және басқа да шараларды  оңтайландыруды қамтитын корпорация құру бойынша барлық ұйымдастыру жұмыстарын аяқтады. Мүдделі уәкілетті органдар корпорация қызметін және мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін регламенттейтін 140-тан астам заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілер қабылдады.

Бірінші кезеңде мемлекеттік корпорация арқылы 522, ал екінші кезеңде - 700-ден астам мемлекеттік қызмет көрсететін болады. «Азаматтарға арналған үкіметтің» өзіндік ерекшелігі барлық бизнес-үрдістерді оңтайландыру және автоматтандыру болмақ. Біріккен кәсіпорындарға ХҚКО-да іске қосылған мемлекеттік қызмет көрсетудің бірыңғай стандарттары енгізіледі. Оның ішінде тосқауылсыз қызмет көрсету, кезекті броньдау сервисі, СМС-хабарлама, қызмет көрсету сапасын бағалау және оның  мониторингінің жаңа құралдары бар. Қызмет көрсету сенбіні қосқанда, сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін ұзартылды.

Корпорация көрсететін қызметтер санының елеулі артуына байланысты корпорация құрамына кіретін барлық кәсіпорындардың фронт-кеңселерінің 3 600 қызметкері оқытылды. Жұмыс нәтижелілігін айқындау үшін тиімділіктің негізгі көрсеткіштері белгіленді.

Корпорация жұмысындағы жаңалықтардың бірі қызмет көрсетуге өтініш қабылдау мен дайын құжаттарды беруден басқа қызметкерлер оларды өңдейді. Республиканың ХҚКО-ларға енгізілген ақпараттық жүйенің арқасында қызмет көрсету мен сұралатын материалдар пакетін ұсыну мерзімдері қысқартылады.

Азаматтардың мемқызметтерге қолжетімділігі қалаларда, аудан орталықтарында қызмет көрсету орталықтары арқылы және электрондық, мобильді үкімет, өз-өзіне қызмет ету секторлары арқылы түрлі арналар бойынша қамтамасыз етіледі. Азаматтарға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін алыс елді мекендерде мобильді ХҚКО-лар жұмыс істейді.

Хабарламаларға жазылу