Таразда «Ақберен» III республикалық байқауы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда «Ақберен» III республикалық байқауы өтті

13.04.2016
Таразда «Ақберен» III республикалық байқауы өтті

Бұл туралы ТарМПИ Ақпараттық-имидждік қызметі хабарлады.

Байқаудың мақсаты – жас дарындар арасынан  гуманитарлық-эстетикалық ғылымдар саласында кәсіптік қызметін таңдауға шығармашылық қабілеті жоғары, талантты, жан-жақты өнерлі балаларды табу және оларға кәсіби бағдар беру.

Екі күнге созылған дүбірлі додадаға 14 облыс пен Астана, Алматы қалаларынан жалпы білім беретін мектеп, лицей, гимназиялардың 120-дан астам оқушыларынан құрылған 18 команда қатысты.

Өнер додасы 6 аталым бойынша өтті. Атап айтқанда, шешендік өнер, көркемсөз оқу, шығарма жазу, ұлттық аспапта ойнау, ақындар айтысы және ақындар мүшәйрасы.

Байқауға елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, айтыскер ақындар мен жазушылар әділқазылық жасады.

«Ұлы Абай өз қарасөзінде: «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық» деген екен. Ғасыр ғұламасының қаншама жылдар бұрын айтып кеткен даналығы, күні бүгінге дейін өз өміршеңдігін жойған емес. Расымен де, бүгінгі ғасыр – жаңалығы желмен жарысқан, ой өрісі ғарышпен таласқан заңғар жастардың заманы.  Қазақ тілін сапалы меңгерту және мәртебесін көтеру, оқушыларды ақындық пен шешендік өнерге баулу мақсатында өткізілген «Ақберен» III республикалық байқауы – әрбір жастың келешегіне жол ашады. Осы тұста Жүсіп Баласағұнның: «Әр бала жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет» деген сөзі еске түседі. Тәуелсіз қазақ елінің бүгінгі құдіреті, болашағының кепілі – кемел білім берер мектебі. Заман талабына сай, әлем кеңістігінде білім додасынан тайсалмайтын жас жеткіншектерді тәрбиелеу басты парыз», – деді Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарова.

Байқауда «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шыққандар» «Дарын» РҒПО орталығының I, II, III дәрежелі   дипломдарымен және  әдебиет, мәдениет қоғам қайраткерлері атындағы дипломдармен марапатталып, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының және Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дың білім гранттарына ие болды.

Хабарламаларға жазылу