ТарМПИ-да академик Мырзатай Жолдасбеков атындағы орталық ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ТарМПИ-да академик Мырзатай Жолдасбеков атындағы орталық ашылды

13.04.2016
ТарМПИ-да академик Мырзатай Жолдасбеков атындағы орталық ашылды

Бұл туралы ТарМПИ-ның Ақпараттық-имидждік қызметі хабарлады.

Орталықтың лентасын Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев пен ғалымның өзі қиды.

Рәсім барысында сөз алған аймақ басшысы Кәрім Көкірекбаев заманауи техникамен жабдықталған орталық жұмыс кабинетінің Мырзатай Жолдасбекұлының атына берілуі оның елге қоғам қайраткері ретінде сіңірген еселі еңбегінің, жүйелі жұмысының жемісі екенін баса айтты.

Сонымен қатар, облыс басшысы ғалымға ізгі тілегін білдіріп, институт басшылығына рахметін жеткізді.

Бұдан соң Жамбыл облысының Құрметті азаматы, еңбек ардагері әрі Мырзатай Жолдасбековтің ұстазы болған Баттал Жаңабаев батасын беріп, осы шараны ұйымдастырушыларға алғысын жаудырды.

Ал, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарова орталыққа ғалым есімінің берілуінің мәні мен маңызына тоқталып өтті. «Бұл орталықтың басты мақсаты – ақпараттық технологияларды заман талабына сай пайдалана отырып, жастардың ғылыми ізденісіне жол ашу, сапалы жоғарғы білікті мамандарды дайындаудағы креативті ой-пікірлерді жинақтау, тарату. Шығармашыл жастардың ортасын құрып, рухани әлемін жаңғырту, студент жастардың әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіндіктер беру. Осы ретте айта кеткім келеді, институт шетелдің жетекші жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу институттарымен  ылғи да әріптестік байланыстар орнатып, білім беру саласын кемелдендіру мәселелері бойынша серіктестік қатынастарын нығайтып отыр», – деді Дария Пернешқызы.

Өз кезегінде ғалым өзі жерлестерінің бұл ісіне қуанышты екендігін білдіріп, ілтипатын жеткізді. Академик орталыққа өзінің қызмет барысында 25 жыл ұстаған портфелі мен талай туындыны тудырған қаламсабын сыйға тартты.

Хабарламаларға жазылу