Жарыстан елордалық 26 жас ғалым олжамен оралды.
XII «Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттеулер бойынша Халықаралық ғылыми жарысты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Ғарышкерлер күні қарсаңында жыл сайын өткізіледі.
Ғылыми жарыстардың басты мақсаты - балалар мен жасөспірімдердің қызығушылығын арттыру, ғылыми-зерттеу қызметіне баулу, отандық және әлемдік ғарыштық жетістіктерді насихаттау, ақпараттық және ғарыштық технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты ынталандыру, дарынды балаларды анықтау, дамыту және қолдау.
Ғылыми жобаларды қорғау 5 секция бойынша жүргізілді: «Зымырандық техника және инфрақұрылым», «Ғарыштық ақпараттық технологиялар және модельдеу», «Экология және ғарыштық қызмет», «Астрофизика және Дүниежүзінің эволюциясы», «Күн жүйесі».
Жарысқа 11-сынып оқушылары – биылғы республикалық ғылыми жобалар конкурсының ІІ кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері, І, ІІ және ІІІ дәрежелі диплом алғандар қатысты.
Ғылыми жобалар жарысының қорытындысы бойынша 26 елордалық оқушы жүлделі орындарға ие болды, соның ішінде 9 «алтын», 7 «күміс», 10 «қола» медальдар бар.