Мемлекеттік хатшы: Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету жалпы мемлекеттік ауқымдағы мақсат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік хатшы: Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету жалпы мемлекеттік ауқымдағы мақсат

08.04.2016
Мемлекеттік хатшы: Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету  жалпы мемлекеттік ауқымдағы мақсат

Жиналысқа Президент Әкімшілігі, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Қорғаныс, Білім және ғылым, Мәдениет және спорт, Инвестициялар және даму министрліктері, «Қазақстан Республикасының Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі басшылықтарының өкілдері қатысты.

Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысының «Ардагерлер – біздің қазынамыз» деген сөзіне ерекше назар аударды. Бүгінгі күні елімізде 3 668 Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер, соғысқа қатысушыларға теңестірілген әлеуметтік кепілдігі бар 22 867 адам тұрып жатыр.

Мемлекеттік хатшы фашизмді жеңу ісіне зор үлес қосқан және тарихи миссияны орындаған Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, қазақстандықтарға құрмет көрсету жалпы мемлекеттік ауқымдағы мақсат екенін атап өтті.

Қазіргі кезде барлық орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың назары соғысқа қатысушылар мен оларға теңестірілген адамдарға жан-жақты әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған.

Жергілікті бюджеттерде 2016 жылы Жеңістің 71 жылдығына орай ардагерлерге бір жолғы материалдық көмек көрсету үшін 2,6 миллиард теңге қарастырылған. «Қазақстан Республикасының Ардагерлер ұйымы» Орталық Кеңесінің бастамасымен ардагерлер қозғалысының одан әрі дамытуға және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда.

Соңында Г.Әбдіқалықова барлық іс-шаралар Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтіп, елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, қоғамды Мемлекет басшысының саясаты төңірегінде ұйыстыруға, жас ұрпақтың патриоттық сезімін нығайтуға бағытталуы керектігін атап өтті.

Мемлекеттік хатшы отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді. 

 

Хабарламаларға жазылу