Бүгін «Алматы-1 – Шу» темір жолы бөлігінде жүргізіліп жатқан екінші темір жол құрылысына тұңғыш рет салтанатты түрде отандық өндіруші – «Ақтөбе рельс-Арқалық» зауытының рельстері төселді.
Алғашқы рельс төселген соң, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ президенті Асқар Мамин қолдарына 41-ші өлшемді кілтті алып, екі рельстің жігін ұстап тұратын қаптаманы бекітті.
Өз сөзінде «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ президенті Асқар Мамин: «Бүгін біз «Нұрлы жол» бағдарламасының сәтті жүзеге асып жатқандығының куәсі болдық. Бұл екінші жол, жылжымалы құрамның өнімділігін арттыруға, энергетикалық шығындарды азайтуға және пойыздардың жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. Жоба жүзеге асырылған соң, участоктың өткізу мүмкіндігі 3,2 есеге артады, ал жүк пойыздарының өткізілуі тәулігіне 68 пойызға дейін көбейеді», - деді.
«Алматы-1 – Шу» участогында барлығы 110 шақырымдық темір жол магистралі және 10 шақырым станциялық жолдар салынады. Қазір, 16 көпір мен 80 су құбырын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.