Астаналықтар үшін «Smart Astana» тегін мобильдік қосымшасы қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астаналықтар үшін «Smart Astana» тегін мобильдік қосымшасы қосылды

05.04.2016
Астаналықтар үшін «Smart Astana» тегін мобильдік қосымшасы қосылды

«Smart Astana» қосымшасы арқылы қалалық автобустардың қозғалысын онлайн режимде бақылауға, айыппұлдарды тексеруге, Интеллектуалдық байланыс орталығына өтініш білдіруге болады.

Бүгіннен бастап бағдарлама Apple Store және Play Market-те қолжетімді, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қосымша арқылы пайдаланушылар нақты уақыт тәртібінде қоғамдық көлік қозғалысын, халықаралық және ішкі әуе рейстерінің ұшу және ұшып келу уақытын бақылайды, сондай-ақ, пойыз, электричка және қалааралық автобустардың кестесімен таныса алады.

«Astana 109» айдары Астана қаласының Интеллектуалдық байланыс орталығына коммуналдық-тұрмыстық мәселелер бойынша өтініш білдіруге және әкімдік көрсететін мемлекеттік қызметтер жөнінде кеңес алуға мүмкіндік береді.

«Smart tickets» айдарында 11 мәдениет нысанында өтетін іс-шараларға билетті онлайн сатып алуға болады. Жақында спорттық шараларға да билет сатып алу мүмкіндігі ұсынылмақ.

Бұған қоса, қосымша мектептердегі сабақтардың болмауы, тасжолдардың жабылуы мен ашылуы және қаладағы қолайсыз ауа райы туралы push-хабарламаларды лезде алу функциясымен жабдықталған. Астаналықтар үшін ұсынылатын маңызды ақпарат тізімі бұдан әрі де толықтырыла түседі.

Хабарламаларға жазылу