Астанадағы «Қыпшақ» тұрғын үй кешенін салу барысында 800 млн теңге жымқырған бұрынғы фирма басшысын Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанға қайтарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы «Қыпшақ» тұрғын үй кешенін салу барысында 800 млн теңге жымқырған бұрынғы фирма басшысын Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанға қайтарды

05.04.2016
 Астанадағы «Қыпшақ» тұрғын үй кешенін салу барысында 800 млн теңге жымқырған бұрынғы фирма басшысын Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанға қайтарды

М.Әлімбетовке «Какаду» ЖШС-нің негізін қалаушы және директоры бола отырып, Астанада 2005-2008 жылдар аралығында «Қыпшақ» тұрғын-үй кешенін салу барысында салымшылардың 397 043 330 теңгесін және мемлекеттің  434 541 991 теңгесін заңсыз иемденді деген айып тағылып отыр.

Ол 2012 жылы Дубай қаласында анықталды. Биылғы жылдың 4 сәуірінде БАӘ құқық қорғау органдары айыпталушыны Қазақстанға беру туралы шешім шығарды. Бұл біздің елдер арасындағы әрекет етуші Беру туралы шарттың негізінде қабылданды, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта Әлімбетов Астана қаласының тергеу изоляторына қамауға алынды, тергеуді Астана қалалық Ішкі істер департаментінің қызметкерлері жүргізуде.

Бас прокуратура қылмыс жасағаны үшін шетелде жасырынып жүрген Қазақстан азаматтарын экстрадициялауға бағытталған жұмыстарды жүргізуде.

Шет мемлекеттердің құзырлы органдарымен жасырынып жүрген қылмыскерлерді қайтару және жасалған қылмыстары үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету бойынша белсенді ынтымақтастық орнатылған.

Соңғы бес жыл ішінде осы жұмыс аясында Қазақстанға 349 адам берілді, 100-ден астам сұраныстар шет мемлекеттердің құзырлы органдары тарапынан қарастырылуда.

Қадағалау органы  Қазақстан азаматтарының шет елдерден берілуіне қол жеткізуде. Мысалы, тек соңғы екі жыл ішінде Біріккен Араб Әмірліктерінен 8 адам берілді. Сондай-ақ, Испания, Португалия, Румыния, Швеция, Болгария, Германия және Финляндиядан да адамдар берілген.

Хабарламаларға жазылу