Жамбыл Жабаевтың 170-жылдығына орай салынған суреттердің тұсаукесері өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл Жабаевтың 170-жылдығына орай салынған суреттердің тұсаукесері өтті

25.03.2016
Жамбыл Жабаевтың 170-жылдығына орай салынған суреттердің тұсаукесері өтті

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Шараның салтанатты ашылуында сөз алған Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай Жамбыл Жабаевтың ақындық мұрасы туралы айта келе жаңа туындының авторларына алғыс білдірді.

«Жыр алыбы Жамбыл бабамыздың кейінгі ұрпағына мирас ретінде қалдырған шығармашылық мұрасы қазақ әдебиетінің алтын қазынасы. Қанша жылдар өтсе де Жамбыл Жабаевтың өлеңдері өміршеңдігін жоғалтқан емес. Қайта керісінше, бірнеше тілдерге аударылып, әлі күнге дейін кітап болып басылып шығып жатыр. Қазақ деген ел барда жыр алыбының жырлары жасай бермек. Сондықтан да Жамбыл атамыздың көрген түсінің желісімен салынған мұндай картинаның Ұлттық музейдің төрінен орын алуы орынды деп ойлаймын», - деді Д.Мыңбай.

Картина авторларының бірі Шахмардан Айдос Ұлттық музейдің суретшілер жұмысына жасаған қолдауына алғыс білдіре келе жаңа туындының ерекшелігіне тоқталып өтті.

«Бұл жұмысқа кіріспес бұрын Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығымен терең танысып шықтық. Айдар Жамханмен ақылдаса келе ақынның 170 жылдығына орай осындай дүние жасап шығардық. Ұлттық музейдің қазақ суретшілеріне жасаған қамқорлығына ерекше алғыс білдіреміз», - деді Ш.Айдос.

Картинада қолында домбырасы бар басына қара-қоңыр түсті бөрік, үстіне ұлттық шапан киген ақын бейнеленген. Сонымен қатар, қызыл жолбарыстың бейнесін және басқұр, кілем, түскиіздің элементтерін көруге болады. Композицияның оң жағында қазақтың кең даласы мен аспаны, асқар таудың бейнесі суреттелген.

Хабарламаларға жазылу