Наурыз мерекесіне орай жедел медициналық жәрдемнің 30 дәрігеріне пәтер кілті табысталды

21.03.2016
Наурыз мерекесіне орай жедел медициналық жәрдемнің 30 дәрігеріне пәтер кілті табысталды

Мерекелік шара жедел медициналық жәрдем станциясы аумағында ұйымдастырылды. Әртістер мен қызметкерлер ұлттық киімдер киіп, Наурыз мейрамын қарсы алуға жиналды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Сіздерді Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Биыл қала бойынша көптеген мәселелерді шешуге ықпал ететін кешенді жоспар әзірленді. Бүгін пәтерлердің кілтін табыстап отырмыз. Сонымен қатар, аталған кешенді жоспарға сәйкес, жедел медициналық жәрдемнің үлкен кешенінің құрылысы қолға алынған. Медициналық қызметтер сапасын арттыру үшін сіздерге барынша жағдайлар жасалады», – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары.

Ермек Аманшаевтың айтуынша, қала аудандарында медициналық көмек көрсету сапасын арттыру үшін қосымша шағын «жедел жәрдем» станциялары құрылды, жаңадан 40 автокөлік сатып алынды, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жақсарту және дәрігер мамандығының тартымдылығын арттыру бойынша бірқатар шаралар қабылдануда.

«Медициналық кадрлардың жетіспеушілігі себептерінің бірі – баспананың болмауы. Биыл медицина қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар басталды. Әзірге, қалалық тұрғын үй қорынан жедел жәрдем қызметкерлеріне осы 30 пәтер беріліп отыр. Сонымен қатар, медицина қызметкерлеріне арналған отбасылық типтегі жатақхананың құрылысын бастау жоспарланған. Бұл тұрғын үй мәселесін шешуге тиіс», - деді Е. Аманшаев.

Қала басшысының орынбасары пәтер кілтіне ие болған медицина қызметкерлерін құттықтады.

Хабарламаларға жазылу