«Қазақстан» РТРК» АҚ ұжымы бүгін Наурыз мерекесін сән-салтанатымен атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» РТРК» АҚ ұжымы бүгін Наурыз мерекесін сән-салтанатымен атап өтті

18.03.2016
«Қазақстан» РТРК» АҚ ұжымы бүгін Наурыз мерекесін сән-салтанатымен атап өтті

Мерекелік шара басталардан бұрын ұжым қызметкерлерін «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова  Наурыз мерекесімен құттықтады.

«Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп, дейді атам қазақ. Баршаңызды халқымыздың ең ұлы мейрамы, адам баласы мен табиғат ана қайта жаңғырып, түлейтін - әз Наурызбен шын жүректен құттықтаймын!

Шығыс жұртына ортақ мереке - Наурыздың тарихы тереңге бойлайды. Күн мен түн теңелетін, ырысы мол мереке біздің жан-дүниемізді шуаққа бөлейді, ой-ниетімізді таза арнаға бұрады. Бұл кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен түсіністіктің мерекесі. Бұл күні біз өткен жылы атқарған жұмысымызға есеп беріп, келешекке жоспар құрамыз, тәуелсіз еліміздің өркендеп, өсуі жолында жаңа бастамаларға негіз қалаймыз»,-деді басқарма төрайымы.

Осы ретте ол Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келіп отырған тағы бір айтулы оқиға - ел Парламенті мен жергілікті маслихаттарға депутаттарды сайлау науқаны туралы да айта кетті.

«Қазақстан үшін маңызды шараны үлкен беделмен атқаратынымызға сенімім зор. Алдағы жексенбіде өтетін сайлауда әрқайсыңыздың дауысыңыз маңызды екенін ұмытпаңыздар. Бұл жай ғана саяси шара немесе борыш емес, бұл елді ұйытып, біріктіретін үлкен шара. Көтеріңкі көңіл-күймен сайлау учаскелеріне барып, өз дауыстарыңызды жүректеріңіз қалаған үміткерлер мен партияларға береді деп сенемін.

Наурыз - ізгіліктің, бақыттың мерекесі. Олай болса, барлықтарыңызға татулық, береке-бірлік тілеймін. Ұлыстың ұлы күні елімізге, жерімізге құт-береке әкелсін!»,-деді.

Нұржан Жалауқызының сөзінен соң мерекеге ұлттық нақышта киім киген ұжым қызметкерлері шығып, осы шараға арнайы дайындаған қойылымдарын ұсынып, ән салып, би биледі.  Сондай-ақ, мерекеге қатысушылар Наурыз дастарханынан дәм татты. 

Хабарламаларға жазылу