«Қазақстан» Ұлттық телеарнасында эстрада жұлдыздары жанды дауыста ән салады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасында эстрада жұлдыздары жанды дауыста ән салады

11.03.2016
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасында эстрада жұлдыздары жанды дауыста ән салады

Бүгінде қазақстандық шоу-бизнестің тек санаулы өкілдері ғана «Live» қойылымдарын ұсыну мүмкіндігіне ие. Көрермендер болса, фонограммамен ән тыңдаудан шаршады. Осы ретте «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы көрермендерге де әншілердің өздеріне де жанды дауыста ән тыңдап, ән шырқауға тамаша мүмкіндік жасап отыр.

Аталмыш жобаның тағы бір ерекшелігі ол тек телевизиялық жоба ғана емес, белгілі бір әншінің немесе топтың жеке концерті де. Концерттің өзі әдеттегідей студиялық павильондарда емес, көрермендері бар кәдімгідей концерт залында өтеді. Басқаша айтқанда, кез келген адам мықты ұйымдастырылған шоудың көрермені бола алады. Сонымен қатар, ол өзі ерекше сүйіп тыңдайтын әншінің концертін тамашалап, оның шығармашылығы туралы көптеген мәліметтерден қаныға алады.

Концертте кез-келген азаматтың өзі қадір тұтып, құрметтейтін әншіге сұрақ қоюына мүмкіндік жасалады. Ол үшін арнайы «Бос микрофон» айдары қарастырылған.

Осылардың барлығынан бөлек, кештің жүргізушілері көрермендермен ашық диалог жүргізеді. Мұндай әдістердің отандық телевизия бағдарламаларының ешқайсысында   бұрын-соңды қолданылмағандығын айта кету керек. 

Осылайша, аталған жобаның аясында көрерменер қазақстандық эстрада жұлдыздарының ән айту деңгейлерін анықтай алады. Концертте әншілерді ерекше музыкалық қойылымдарымен арнайы бэнд-ансамбль сүйемелдеп отырады. Әншінің репертуарынан таңдап алынған хит әндер жаңа үлгіде, жаңаша орындалады. Көрермендер әндерді сүйсініп тыңдайды деген үміттеміз. 

«Аталмыш жобаны біз әр апта сайын көрермендерімізге ерекше қызықты шоу көрсетіп отыру үшін арнайы ұйымдастырдық және ол әр бейсенбі сайын «Қазмедиа орталығында» өтеді. Концерттің ерекшелігі - оның интерактивті форматта өтетіндігінде. Осы жоба арқылы біз көрермендердің ықыласына ие боламыз деген ойдамыз. Өйткені, мұндай шоу елде бұрын-соңды болмаған және ол өзгелерге ұқсамайтын болады. Біз көрермендеріміздің өздерінің сүйікті әншілерінің әндерін тыңдау үшін әр бейсенбі сайын концертке жиналуын әдетке айналдыруды мақсат етіп отырмыз», дейді «Сәлем, Қазақстан!» жобасының продюсері Жан Мұқанов.  

Аталған жоба аясында «Бос микрофон», «Үздік орындаушылардың хит-парады» сияқты бірнеше айдарлар жұмыс істейді. Хит-пардты «Астана аруы - 2013» байқауының жеңімпазы Аяулым Ерғазы жүргізеді.

Апта сайын көрермендердің дауыс беру нәтижелерінің арқасында үздік орындаушылар анықталып, одан әрі айдың үздік әншісі, жылдың үздік әншілері анықталады. Сонымен қатар, әншілердің жаңа альбомдарының таныстырылымы жасалады.

«Сәлем, Қазақстан!» концерттік шоуын баршаға танымал актер – Тәуекел Мүсілім мен белгілі фотомодель, интернет кеңістігінің жұлдызы Әсел Асқар жүргізеді. «Сәлем, Қазақстан!» жобасының креативті командасы әншілер үшін де көрермендер үшін де көптеген тосынсыйлар дайындап отыр.  Тек біздің шоу арқылы ғана Сіздер жұлдыздарды жаңа қырларынан көре аласыздар. Олай болса, үлкен жобаның куәгері болудан және «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының эфирінен жұлдыздардың жанды дауыстарын есту мүмкіндігінен айырылып қалмаңыздар. 

Хабарламаларға жазылу