Бүгінде судың деңгейі жер бетіне жақындап тұр. Егер бұл мәселе оңтайлы шешілмесе, жасыл-желектің өсуін тежеп, жаңбыр мен қар суының жер астына сіңуін қиындата түспек.
Сондай-ақ, топырақтың төменгі қабатындағы тұз сыртқа шығып, экологияға зиян келтіруі мүмкін.
Жауын-шашынның жерге сіңбеуі жерасты суының көтерілуімен байланысты. Себебі, тұздылығы төмен техногендік судың жақындығы 1 метрден аз. Оған қоса қаладағы сулардың булану деңгейі мардымсыз. Ал, бұл мәселенің шешу жолын гидрогеолог Едіге Сабуров ұсынып отыр. Ұзақ жыл зерттеу жүргізген ғалым «вертикальды дренаж жүйесін қолдану керек»,-дейді.
«Біз суды астынан, яғни 5 метр тереңдіктен сорайын деп отырмыз. Сонда ащы судың деңгейі түседі де, тұщы су шығын болмай, ол да төмендей бастайды. Яғни, жердің астындағы ащы суды тұщы сумен ауыстырамыз. Алмастырғаннан кейін өсіп тұрған теректердің тамырына ащы сулар көтерілмейді», - дейді гидрогеология саласының ардагері Едіге Сабуров.
Бүгінде Атырауда көлденең дренаж жүйесі салынған. Алайда, жер бедерінің тегіс болуына байланысты, мұнда жиылған су қозғалыссыз қалған. Нәтижесінде, қоршаған ортаға зиян келуде.
Бұл дренаждағы ең басты мәселе – оның уақытында тазаланбауы. Қоқыс пен шөп-шаламнан көз сүрінеді. Нәтижесінде, судың булануына және тиісті жерге барып құйылуына кедергі болып отыр. Яғни, пайдасынан зияны көп.
Сондықтан, жергілікті жердің ерекшелігіне байланысты көлденеңнен гөрі вертикальды дренаждың ұтымды тұстары бар. Мұны кезінде Атырауға келген ресейлік мамандар да растапты. Әзірге, құзырлы органдар жерасты суынан келер қауіпке мейлінше тосқауыл жасап отыр.
Егер жергілікті ғалымның жобасы сәтті жүзеге асар болса, көптеген мәселелер шешімін таппақ. Атырау жасыл-желекке көмкеріліп, балшық пен лай судан арылады. Ескерер жәйт, геологиялық жұмыс – ұзақ мерзімдік процесс. Кем дегенде 2 жылда нәтижесін береді.
Сюжеттің видео нұсқасын мына сілтеме арқылы көре аласыздар.
Айдос ҚАРАБАЛА