Көрме және форум аясында «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин Түркияның көлік саласының жетекшілері – Көлік, коммуникация және теңіз көлігі министрі Бинали Йылдырым және Мемлекеттік темір жолдың бас директоры Омер Йылмызбен кездесті.
Кездесулер барысында Қытай-Түркия- Еуропа бағытындағы Транскаспий халықаралық көлік бағдарына (ТХКБ) қатысты мәселелер қаралды.
Түркияның көлік саласының жетекшілері – көлік, коммуникация және теңіз көлігі министрі Бинали Йылдырым 2016 жылы қазанда аяқталатын Карс-Ахалкалаки темір жол желісінің құрылысы туралы әңгімеледі.
Түркия мен Грузия аралығында жаңа темір жол бағдарын жүргізу Транскаспий халықаралық көлік бағдары аясында жұмысты жандандыруға тың серпін береді.
А. Маминнің айтуынша, аталмыш бағдар сыртқы нарыққа шығуды көздеген халықаралық көліктік логистика қауымдастығы өкілдерінің қызығушылығын туғызып отыр. Оның ішінде Қытай нарығы мен Түркия және Еуропа елдерінің оңтүстік бөліктері жаңа шешімдерді қажет етеді.
Тараптар кездесу барысында атап өткендей, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға және оның бәсекеге сай болуына орай үлкен жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде, тиімді тарифтік саясат, жүк тасымалдаудың бірыңғай технологиясын енгізу, ықпалдасқан логистикалық өнім шығаруға басты назар аударылды.
Сондай-ақ, кездесу барысында Түркиядан Ақтау арқылы Орта Азия мен Қазақстанға қарай автокөлікпен жүк тасымалдау ағынын көбейту мәселесі қаралды. Өткен екі айда ғана 1 мың 660 автокөлік өткізілді. Өткен жыл бойына бұл көрсеткіш -1 мың 885 қана болатын.
Инфрақұрылым мен логистика саласындағы «EurasiaRail -2016» халықаралық темір жол көлігі көрмесі Еуразия темір жол көлігі инфрақұрылымы индустриясы саласындағы көлемі жөнінен әлемдегі үшінші орынға ие.
Биылғы жылы бұл конференция мен көрмеге қатысуға әлемнің 25 елінен 200-ден астам компания келді, деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметі.