Көрермендер сериалда Мұқан, Қасымжан, Роллан атты басты кейіпкерлердің әрекеттері арқылы шынайы ерлер арасындағы достықтың қандай болатынын көреді.
Мұқан - ғалым болып, туған ауылын таза сумен қамтамасыз етсем бе деп армандайды. Ол мектептегі сыныптасы Наркес деген қызға ғашық болып жүреді. Бірақ өзінің сезімін білдіруге батылы жетпейді. Ойлап қарасақ ақылы көркіне сай, көргені мол жігіттің болашағынан зор үміт күтуге боларлық. Алайда, өзіне жақын адамдары оған сатқындық жасап, Мұқанның өмірі күрт өзгеріп, тозаққа айналады.
Сюжетте Наркес қыздың тағдыры осы үш достың өмірімен сабақтас болып келеді. Қасымжан Наркесті зұлымдықтан құтқарамын деп жүргенде, басы дауға түсіп, түрмеге қамалады.
Роллан болса сол кезде Мұқанның қарындасымен кездесіп жүріп, қыздың аяғы ауыр болады. Ауыл тұрындары арасында тарайтын өсектен қашқан қыздың әке-шешесі, қызды қалаға жөнелтуге асығады. Сол кезде жол бойында көлік апатына ұшырап, мерт болады. Уақыт өте келе, қыз да дүниеге сәбиін акеліп, жан тапсырады. Қарындасынан жетім қалған нәрестеге Мұқан қамқоршы болып, ғалым боламын деген арманын шетке ысырып, ауылда қалады. Осыдан бастап оның да тағдыры күрт өзгереді.
Фильм 90-шы жылдардан бастап осы кезге дейінгі түрлі оқиғалар арқылы халықтың басынан кешкен қиыншылықтарды суреттейді. Әрдайым есігі ашық, емін-еркін жүре беретін берекелі ауылда ұрлық көбейіп, күнкөріс қиындайды. Сонымен қатар, фильмде, мөлдір махаббат, достық, адалдық пен сатқындық қатар жүреді.
Әсіресе, басты рөлдерді сомаған: Дархан Сүлейменов, Ақылжан Мақашев, Тансұлу Мұзафар, Дәстен Шәкіров, Төлеубек Аралбаев, Гүлжамал Қазақбаева, Айгүл Иманбаева, Жомарт Зейнәбіл, Әсел Садуақасова сынды актерлердің кәсіби шеберліктерін ерекше атап өткен жөн.
Көпшілік сүйіп қөретін фильмдердің режиссері Талғат Теменовтың тағы бір туындысы шынайы өмір көріністерін суреттейтін, терең философиялық мағынасымен көрермен көңілінен шығатынына сенеміз.
«Судағы із» кинотуындысының алғашқы серияларының көрсетілімі көрермендер назарына «Қазақстан» Ұлттық арнасында 12 наурызда сағат 14:50-де ұсынылады.