Қазақстанда кәсібін өрге домалатқан кәсіпкердің елімізге алғысы шексіз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда кәсібін өрге домалатқан кәсіпкердің елімізге алғысы шексіз

02.03.2016
Қазақстанда кәсібін өрге домалатқан кәсіпкердің елімізге  алғысы шексіз

Астанада кәсібін ашып, нәсібін көрген кәсіпкер Алғыс айту  күні мерекесін  пайдаланып қазақ еліне, халқына алғысын білдірді. Алдағы жоспарларымен бөлісті.   

2013 жылдың 9 қыркүйегі италиялық кәсіпкер Джанни Помпони үшін ұмытылмас күн. Осы күнің оның көптен бергі арманы орындалып, Астанадан мейрамханасын ашты. Осылайша, ол Франция мен Бразилиядағы бизнесін біржолата қазақ еліне көшірді.

«Өзге елдерге қарағанда Қазақстан нарығы инвестиция құюға өте қолайлы. Үкімет тарапынан барлық жағдай жасалған. Келіп, жаңа технологияларымызды енгізіп, сәтті жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстандық мамандар бастапқыда пицца пісірудің қыр-сырын италиялық аспазшылардан үйреніп еді, қазір олардан артық пісіреді»,-дейді италиялық кәсіпкер Джанни Помпони.

Араға бір жыл салып Джанни дәмхана ашты. 40 адамды жұмыспен қамтып отыр. Зымыраған уақытпен бірге, Помпонидің пиццасы да жақсы өтіп жатыр қазір елордада. Тұтынушының сұранысын қанағаттандыру үшін кәсіпкер әлеуметтік желіде арнайы парақша ашып, көптің арыз-шағымына Италиядан жауап жазады. Бизнесін қашықтан басқарып отырған кәсіпкердің қазақ еліне алғысы шексіз.  

«Қазақстан-мүмкіндіктер мемлекеті. Қазақ елі менің алаңсыз жұмыс істеуіме, өзіме деген сенімімді арттыруға, инвестиция құюға мүмкіндік берді. Мен бұл жерден махаббатымды кездестірдім. Бақытымды таптым. Сондықтан, Қазақстанға, ел халқына басымды иемін»,-дейді ол.

Табысы күн сайын еселенген кәсіпкер қыркүйекте бас қаладағы тағы бір мейрамханасының тұсаукесерін өткізбекші. Сонан соң, елдің өзге аймақтарының дамуына қомақты қаржы құюды көздеп отыр. Басты жоспары -  келесі жылы Астанаға қоныс аударып, ЭКСПО көрмесіне келетін меймандарға қазақтың қонақжайлылығын паш ету.

Хабарламаларға жазылу