Бүгін – Меруерт Өтекешованың туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Меруерт Өтекешованың туған күні

25.02.2016
Бүгін – Меруерт Өтекешованың туған күні

Бүгін мерейтойын тойламақ актриса Меруерт Өтекешованың кинодағы образдары сан қилы. Оның кино әлеміне келуі мен көрерменнің ыстық ықыласына бөленуіне себеп болған «Қыз Жібек» кинофильмі еді.

1969-1970 жылдары түсірілген туынды бірден қазақ киносының классикасы тізіміне енді. Осы фильмнен соң Меруерт Өтекешова қазақтың Қыз Жібегіне айналды.

Пәк махаббат пен шынайы сезімнің нышаны болған «Қыз Жібек» фильміндегі Жібектің образын сомдауға 100-ден аса актриса таңдауға түседі. Солардың ішінде кәсіби актерлік білімі жоқ, алайда табиғи дарыны, Жібекке тән сұлулығымен Меруерт Өтекешова таңдалып алынады.

«Қыз Жібек» фильмі Меруерт Өтекешованың киноэкрандағы жұлдызын жақты деуге де болады. Актриса 1972 жылы «Менің ағам», 1977 жылы «Ұлымның оралуы», «Қосымша сұрақтар», 1980 жылы «Тентек балалар» кинофильмдеріне бірінен соң біріне ұсыныс ала бастады.

Режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Біздің Ғани» фильміндегі Раушан образы да актрисаның шеберлігін көрсеткен кинокартина болатын.

Меруерт Қаратайқызы сонымен қатар «Қырғызфильм», «Мосфильм»  студияларында түсірілген фильмдерде ойнаған. Бүгінде оның сомдайтын кейіпкерлері – асыл ана, аяулы әже.

Толығырақ «Таңшолпаннан» көріңіз.

Хабарламаларға жазылу