Бүгін – «Алтын ұя» телехикаясы басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – «Алтын ұя» телехикаясы басталады

25.02.2016
Бүгін – «Алтын ұя» телехикаясы басталады

Бұл оқиға  кішкентай ауылда өмір сүріп жатқан әртүрлі этнос өкілдерінің өмірі мен тыныс-тіршілігі туралы болмақ. Туындыда Тәуелсіздік жарияланған күннен бастап, қазіргі уақытқа дейінгі кезең мен кейіпкерлердің тағдыры қамтылады. Сол оқиғалардың аясында Астананың аз уақыт аралығында өсіп-өркендегені де баяндалады.

Кинотуындының бас қаһармандары – Қаратаевтар отбасы. Осы отбасының айналасында түрлі ұлыс өкілдері бірігеді. Отағасы Тұрғамбайдың рөлін танымал актер Нұржұман Ықтымбаев, ал оның әйелін актриса Райхан Айтқожанова сомдайды.  

Олар өмірлерін түгелдей теміржол саласына арнаған жандар. Кинокартинада маңызды рөлдің бірін дәрігер Юрий Цой ойнайды. Сондай-ақ, ауылдастарын жарықтың жоқтығынан сақтап қалған және әлемдегі барлық оқиғалардан хабардар болу үшін электрогенератор ойлап тапқан өнертапқыш Андрей Гибнер тұлғасында инновацияға да орын беріледі.

Алғыр кәсіпкер Ысмайылдың арқасында ауылда сауда-саттық өркендейді. Жас Қазақстанның қалыптасуына өз үлесін Валентина Федоровна да қосады, кейіннен ол Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі болады.

Сериалда махаббат пен түңілу, жақсылық пен зұлымдық қатар жүреді. Алайда, туынды кейіпкерлері ынтымақ пен бірліктің арқасында, қоғам мен мемлекетке пайда тигізу жолында барлық қиындықтарға төтеп беріп, алға қойған асқақ армандарына қол жеткізеді.

Туындының қоюшы-режиссері  - Ержан Рүстембеков, қоюшы-оператор - Николай Работягов, қоюшы-суретші  - Марат Иманберген, продюсері  - Құралай Анарбекова.

«Алтын ұя» телехикаясын  25 ақпаннан бастап дүйсенбі-бейсенбі аралығында сағат 21:05-те Ұлттық арнадан тамашалай аласыздар.

Хабарламаларға жазылу