Әлемде орын алған күрделі экономикалық жағдайлар елімізде де сезілді. Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, дағдарысқа қарсы бағдарламалық құжаттар түбегейлі өзгерістердің болуына, соның ішінде қала экономикасында да өзгерістердің болуына жол бермейді. Астана дамудың кезекті кезеңінде барлық бағыттар бойынша айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.
«Елбасының жетекшілігімен жаһандық сынақтан сүрінбей өтетінімізге сенімдімін. Тек күш-жігерімізді біріктіру керек», - деді Ә. Жақсыбеков.
Қала басшысы өткен жылғы даму қорытындысы Астананың одан әрі өсуге әлеуеті бар екендігін көрсететінін атап өтті.
Жыл сайын барлық бағыттар бойынша көрсеткіштерін жақсарта отырып, 2015 жылы Астана әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі бойынша өңірлер арасында көш бастады.
2015 жылы жалпы өңірлік өнім өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға артты. Оның республикалық көлемдегі үлесі – 10 пайыз немесе 4,5 трлн. теңгені құрады. Жан басына шаққандағы ЖӨӨ республика бойынша орташа көрсеткіштен 2 есеге артық немесе 5,2 млн. теңге.
Бүгінде Астананың өзіндік кірістері 200 млрд. теңгені құрайды. Өткен жылдан бері Астана төрт республикалық бюджет донорының біріне айналды. Мемлекеттік бюджетке түскен түсімдер көлемі 850 млрд. теңгені құрады, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық. Бұл ретте республикалық бюджетке келіп түскен жоспардан тыс түсімдердің үштен бір бөлігіне жуығы біздің қаламызға тиесілі.
Көп жағдайда сәтті индустриялды-инновациялық даму оң көрсеткіштерге септігін тигізді. Өткен жылы инвестициялар көлемі 773 млрд. теңгені құрады. Бұл алдыңғы жылдың көрсеткіштеріне қарағанда 15 пайызға артық. 2015 жылы Индустриялды паркте 28 жаңа жоғары технологиялық өндіріс іске қосылды, 800 жұмыс орны ашылды.
Жалпы, №1 Индустриялды парк аумағында инвестициялар көлемі 187,5 млрд. теңгені құрайтын 62 инвестициялық жоба іске асырылуда. Осы кәсіпорындар бюджетке төлеген салықтардың есебінен парк инфрақұрылымының құрылысына жұмсалған қаржы толығымен ақталды, деп хабарлады astana.gov.kz.